Live

Каспийде итбалықтар неге қайтадан қырылып жатыр?

Каспий теңізі жағалауында теңіз жануарларының жаппай қырылуына қатысты жағдайға министрліктер түсініктеме берді.

Итбалық

 Жағалаудан жүздеген өлексенің табылғанына қарамастан, зертханалық сараптамалар әзірге инфекция немесе улы заттардың барын көрсетпей отыр, деп жазады «За нами уже выехали» Telegram арнасы.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, мұндай жағдай жыл сайын қайталанғанымен, аурудың нақты себебін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.

Шіріген өлекселер және жер сілкінісінің «әсері»

Мамандардың айтуынша, негізгі қиындықтардың бірі – табылған жануарлардың жағдайы. Көп жағдайда өлекселерді теңіз толқыны жағаға қатты шіріп кеткен күйде шығарады. Бұл нақты сараптама жүргізуді қиындатады.

«Әдетте өлекселер жағаға қатты шіріген күйде шығады. Біз сынама алып, зерттейміз, бірақ қанша рет тексерсек те, ешқандай ауру анықталмайды», - деді Бердалин Үкімет кулуарында.

Вице-министр ықтимал себептердің бірі ретінде табиғи құбылыстарды атады. Оның сөзінше, жер сілкінісі кезіндегі су астындағы газ шығарындылары теңіз фаунасының қырылуына әсер етуі мүмкін.

Су сынамасы не көрсетті?

Экология министрлігі де оқиға болған аймақтағы экологиялық жағдай қалыпты шекте екенін мәлімдеді.

«Су сынамаларында ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерінен асу фактілері анықталған жоқ», - деді Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Еске салсақ, Каспийдегі жануарлардың жаппай қырылуының кезекті толқыны биыл сәуір айында тіркелген еді. Тек 7 сәуір күні Түпқараған ауданындағы жағалаудан 191 өлі итбалықтың өлексесі табылған.

Қазір мамандар техногендік фактор немесе белгісіз инфекция ықтималдығын толық жоққа шығару үшін зертханалық тексерулерді жалғастырып жатыр. Жағдай профильді ведомстволардың бақылауында.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз