Каспийде итбалық ұрпақ өрбіту жасына жетпей қырылып жатыр
2024 жылдың көктемінен 2026 жылдың көктеміне дейін Каспий теңізінің жағалауында 3082 итбалықтың өлексесі табылған.
Зерттеушілердің мәліметінше, олардың басым бөлігі жас кезінде, ұрпақ өрбіту жасына жетпей қырылып жатыр.
Бұл туралы Каспий итбалықтарын зерттеуші Әсел Баймұқанова мәлімдеді.
Ғалымның дерегінше, өлі табылған итбалықтардың 38–55 пайызы бір жасқа толмаған. Ал жануарлардың көпшілігі алғаш рет ұрпақ бере алатын алты жасқа жетпей қырылады. Сонымен қатар соңғы уақытта Каспий итбалықтарының ең ұзақ өмір сүру көрсеткіші 50 жылдан 30 жылға дейін қысқарған.
Зерттеу барысында өлген 21 итбалықтың тіндеріне талдау жасалған. Нәтижесінде олардың бауыры, өкпесі, бүйрегі, жүрегі және иммундық жүйесі мүшелерінен патологиялық өзгерістер анықталған.
Алайда ғалымдар бұл өзгерістерді өлімнің нақты себебі деп айтуға болмайтынын ескертеді. Оған инфекциялық аурулар да, қоршаған ортадағы улы заттар да әсер етуі мүмкін.
Зерттеу нәтижесінде өлген итбалықтардың 3–12 пайызынан механикалық жарақаттар, соның ішінде балық аулау торларының іздері мен дене жарақаттары байқалған.
Мамандар итбалықтардың қырылуына Каспий теңізінің тартылуы, судың ластануы, браконьерлік торлар, қысқы кеме қатынасы және климаттың өзгеруі ықпал етуі мүмкін екенін айтады.
Зерттеушілер итбалықтардың ағзасында сынап секілді ауыр металдар, пестицидтер мен микропластик жиналатынын да атап өткен.
Әсел Баймұқанованың айтуынша, жануарлардың жаппай қырылуын бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Оған бірнеше экологиялық және табиғи фактор қатар әсер етуі ықтимал.
Айта кетейік, Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. XIX–XX ғасырлардағы бақылаусыз аулау салдарынан бұл жануарлардың тарихи популяциясы шамамен 90 пайызға азайған.