Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 20 Қараша 2024

Каспийде өлген итбалықтардың саны 2000-ға жуықтады

Итбалық
Фото: ЖИ

Каспий теңізінің жағалауында  өлген итбалықтардың саны 2000-ға жуықтады

«Жайық-Каспий» өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің мәліметінше, 24 қазан мен 18 қараша аралығында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында ғана Каспий жағалауында 1155 итбалық өлексесі табылған.

"Комиссия 18 қарашада Маңғыстау облысының жағалау сызығын - Құлалы, Морской, Подгорный, Новый аралдарын, сондай-ақ Қаражанбас және Қаламқас аудандарын аралады. Осы аумақты зерттеу нәтижесінде тағы 834 итбалық өлексесі табылды", - деп хабарлады инспекция.

Еске салайық, Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың қырылуына табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкіністерінің әсерінен табиғи газдардың шығуы себеп болуы мүмкін деп болжаған болатын. Олардың өлімінің себептері туралы түпкілікті қорытындыларды  зерттеулер аяқталғаннан кейін алу жоспарланған, ғылыми ұйымдардың пікірінше, бұл үш-төрт айға созылады.

Астанадағы Ұлттық ветеринариялық референт орталығында жұқпалы аурулардың бар-жоқтығына зерттеу жүргізіп жатқан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері пастереллез, азу, сальмонеллез, листериоз, құс тұмауы сияқты бірқатар жұқпалы ауруларды жоққа шығарды.

Бұл ретте, Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова теңіз жануарларының қырылуының ықтимал себебі теңіз ортасының ластануы болуы мүмкін деп есептейді.

Ресми деректерге сәйкес, Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу жағдайлары 2000 жылдың басынан бері тіркелген. Атап айтқанда, 24 жыл бұрын 10 мыңға жуық өлген түлен анықталып, олардың өлімінің себебі созылмалы токсикоз деп аталды.