Қастандыққа ұшыраған журналист Айдос Садықов қайтыс болды
Киевте қастандыққа ұшыраған қазақстандық журналист Айдос Садықов қайтыс болды. Бұл хабарды марқұмның әйелі, журналист Наталья Садықова мәлімдеді.
Айдос Садықовтың бүгін Киев уақытымен 3:00-де жансақтау бөлімінде жүрегі тоқтаған. Журналист Наталья Садықова күйеуінің өліміне Қазақстан билігінің қатысы бар деп санайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, 18 маусым күні Украина Ұлттық полициясының баспасөз қызметі көшеде тоқтап тұрған көлікке белгісіз біреудің жақындап келіп оқ жаудырғанын, содан кейін із-түзсіз жоғалып кеткенін анықтаған. Ал, көлікте қазақстандық журналист Айдос Садықов пен әйелі отырған.
Одан соң Украина полициясы Садықовты өлтірмек болған күдіктілер Қазақстанның екі азаматы екенін мәлімдеді. Олар, 1991 жылы 9 мамырда туған Мейрам Қаратаев және 1988 жылы 8 ақпанда туған Алтай Жақанбаев. Ал, ұсталған Мейрам Қаратаев Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері болғаны айтылады.
27 маусым күні Украина бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, оқ атуға күдікті деп танылғандарды экстрадициялау ісін бастағанын мәлімдеді.
Ал, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев күдікті қазақстандықардың Украинаға берілмейтінін айтты.
Айта кетейік, Айдос пен Наталья Садықовтар «BASE» YouTube арнасының негізін қалаушылар. Аталған арнада журналистер Қазақстан билігі мен олигархтарды сынға алады.