Қайрат Бодаухан, экономист-ғалым: Қазынада қаржы азайса, жалақы кешігіп қана қоймайды, экономикалық жүйе бұзылады
Біздің үкімет «экономикалық өсімге жеттік» деп жылда есеп береді. Бұл қандай өсім? Соңғы кездері байқала бастаған бір проблема – кейбір сала мамандары жалақыларын кешіктіріп алып жатыр.
Мемлекеттік тапсырыс алушыларда да осы проблема – орындалған тендердің қаражаты уақытылы түспейтін болған – мемлекеттік қазына бөгейді. Жалпы, бұл үрдіс нені білдіреді?! Мемлекеттік бюджетте қаржы тапшылығы бар деген сөз бе? Мұның ақыры қайда апарады? «Экономиканы тұрақтандырамыз, елді дамытамыз» деген ұранға толы бағдарламалардан нәтижесі қандай?! Осы және басқа сұрақтарды экономист-ғалым Қайрат Бодауханға қойдық.
– Қайрат мырза, үкімет елде «экономикалық өсім бар» деуден танбайды, бірақ мұны қарапайым халық сезіне қоймады. Неге бұлай?
– Рас, статистикалық деректерде мін жоқ. Бұл жағдайдың негізгі себебі бізде экономикалық өсімнің көбі шикізат секторына және ірі кәсіпорындарға шоғырланған. Яғни экономикалық өсімнің жемісі көбіне кең көлемде халыққа жетпейді, негізгі капитал иеленушілер арасында бөлінеді. Шикізатты экспорттаушылардың оны өндірушілердің табысы өскен сайын экономикалық өсім өскендей болып көрінеді. Алайда аймақтар мен басқа салалар арасында экономикалық теңсіздік бар. Жалпы елде экономиканы жүйелі дамыту, халықты толыққанды жұмыспен қамтамасыз ету тетіктері әлі дұрыс жасалмай отыр. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағыты дұрыс емес. Қабылданып отырған бағдарламалар мен сансыз жолдаулар қатаң қадағаланбайды. Олардың орындалу тетіктері дұрыс құрылмаған. Құзырлы орындардың жауапкершілігі мүлдем болмайтындықтан мұндай шаралар іс жүзінде күткен нәтижені бере алмады. Бөлінген қаржыға қадағалауды күшейту, мониторинг жүргізу де өте осал. Сол себепті халық экономикалық өсімді сезінбейді.
– Хабардар шығарсыз, қазір бірқатар салада айлық табысын кешіктіріп алып жатқан мамандар бар. Әскери қызметтегілер «айлық табысымыз кешікті» деп жатыр. Мұғалімдер биылғы жылы өздерінің еңбек демалысы өте аз есептелгенін, тіпті уақытылы алмағандарын айтуда. Мемлекеттік тапсырыс алушы мердігерлер өздеріне мемлекет тарапынан берілетін қаражаттың уақытылы түспей жатқанын айтады. Тіпті бұған қатысты «Қазынашылық кәсіпорында ақша жоқ» деген пікірлер айтылады. Бұл мүмкін бе? Мемлекеттік қазынада ақша жоқ болуы нені білдіреді?
– Мемлекеттік бюджетті қаржыландырудың кешігуі айтарлықтай алаңдаушылық тудырады. Біз мұны үнемі айтып жүрміз. Егер қазынашылық кәсіпорында қаражат тапшылығы пайда болса, бұл – бюджеттік жоспарлау мен басқаруда проблема бар деген сөз. Қазынада қаражаттың жетіспеушілігі алдағы уақытта бюджеттік міндеттемелердің де толық орындалмауына әкеледі. 2023-2024 жылдары Қазақстанда бюджет тапшылығының көлемі айтарлықтай болды. Ұлттық экономика министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың мәліметтеріне сүйенсек, мұнай бағасының түсуі, салық түсімдерінің азаюы бюджетке едәуір салмақ түсірген. Мысалы, 2023 жылы Қазақстанның бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің шамамен 2,7 пайызын құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіштің деңгейі шамамен 2,6 пайызға тең болмақ. Мемлекет үшін бюджет тапшылығы үлкен мәселе болып саналады. Бюджеттік қаражаттың дефициті мемлекеттік қарыздың ұлғаюына және қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Бұл жағдайда үкімет экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қабылдауы керек. Соның ішінде шығындарды оңтайландыру, салық саясатын күшейту және экономикалық өсімді ынталандыру бағытындағы шаралар жүзеге асуы тиіс. Бұл – бір.
Бізде бюджет тапшылығына жол беретін екінші басты мәселе, кезінде үкімет үлкен ұран жасап, ірі кластерлік өндірістерді дамытуға бөлінген қыруар қаржылар нәтиже бермеді. Яғни бұл шараларға жұмсалған қаражат бюджетті толықтырмады. Әлемде болып жатқан әртүрлі саяси жағдайлар да, бүкіл әлемдік қаржы жүйесіндегі дағдарыстар да өзі ештеңе өндірмейтін, шикізатқа тәуелді біз сияқты ел үшін бюджет тапшылығына әсер етуде.
– Қазір кейбір сарапшылар «тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңдеріне қайта оралып, адамдардың қолына ақша ұстау қиын заманға айналмай ма?» деген сауалдарға бас қатырып жүр.
– Рас, 1990-жылдардағы экономикалық дағдарысқа қайта оралу мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылықтар бар. Ол белгілі бір дәрежеде орынды. Қоғам болғаннан кейін әрқилы пікірлер айтылады. Бұған қатысты айтарым, қаржылық тұрақсыздық пен бюджеттік қиындықтар, уақытылы шешілмесе, экономикалық жүйеге сөзсіз теріс әсер етеді. Алайда қазіргі жағдайда үкіметтің қолында бұл мәселелерді шешуге арналған механизмдер бар және жағдайды бақылауға алу мүмкіндігі жоғары деп санаймын. Тоқсаныншы жылғы тоқырау неден болды?! Алдымен осыны тарқатсақ: ол жылдары қалыптасқан экономикалық жүйе құлдырап, жаңадан екінші бір нарықтық жүйе қалыптасты. Ал қазіргі жағдайда ондай өтпелі кезең байқалмайды. Бүгінгі таңда экономика нарықтық жүйеге бейімделген және сол жүйенің қағидалары бойынша жұмыс істейді. Сондықтан ол кезеңдегідей күрделі құрылымдық өзгерістер күтілмейді. Рас, қазіргі экономикалық қиындықтар мемлекеттік басқару мен экономикалық саясаттың тиімділігін арттырудың қажеттілігін көрсетеді. Бірақ нақ 1990 жылдардағыдай түбегейлі реформаларды талап етпейді. Егер сол тоқсаныншы жылдардағыдай Бреттон-Вудс жүйесін алмастырып, ақша қатынастары мен сауда алыс-беріс (есептесу) ұйымдастырылуының халықаралық жүйесі өзгеретін болса, жаңа жаһандық экономикалық жүйе қалыптасса, бұл шынымен де үлкен өзгеріс болар еді. Мұндай реформалық ауысым тек біздің ғана елімізді емес, бүкіл әлемдік экономикадағы негізгі ережелерді, қаржылық және валюталық жүйелерді түбегейлі өзгертеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттер арасындағы сауда, инвестиция, қаржы ағындарына әсер етеді. Бірақ әзірге халықаралық жүйеде мұндай өзгерістер күтілмейді. Сол тоқсаныншы жылдары әлеуметтік жағдайы нашарлағаннан кейін ауыл халқы қалаға қарай үдере көшіп, ірі қалаларға шоғырланып, урбанизация үрдісі де қосымша қиыншылықтарды туындатып жібереді. Бұл – сол кездегі экономиканы реттеудің және басқару тетіктерінің әлсіздігін көрсеткен механизм еді. Сондықтан «тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі қайтып келеді» дей алмаймын.
– Қазір жұрттың дені бөліп төлеуге әбден машықтанды. Үйіндегі дүние-мүлкін, тұрмысқа қажетті заттарын бөліп төлеп алып жүргендердің қатары көп. Бұл нарықтағы төлем балансын одан әрі төмендетіп жібермей ме? Айырбас саудаға (бартер) келу қаупі бар ма?
– Инфляция өсіп, халықтың табысын жеп қойып жатыр. Қарапайым жұрттың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бөліп төлеу тәсілін жиі пайдалануы төлем қабілетінің шектелгенін көрсетеді. Негізінде мұның салдары өте күрделі. Себебі халық жоғары пайызды банк несиелеріне ұрынып жатыр. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Бірақ оның қарапайым халыққа пайдасы шамалы болды. Жоғары пайызбен берілетін несие халықтың тұрмыс сапасын төмендетіп жіберді. Бірақ бұл өндіріс көлеміне әсер етіп, экономикалық белсенділікті төмендетеді деуге тағы келмейді. Себебі бөліп төлеп алса да, халық ол өнімді тұтынып жатыр. Халықтың төлейтін ақшасын өндіріске банк беріп отыр. Нәтижесінде, банк пен өндіріс арасында қатынас орнайды. Сондықтан «айырбас саудаға қайта келеміз» деу қисынсыз. Айырбас сауда айналымда ақша болмаған кезде туындайды. Ал бізде қазір нарықта ақша бар. Тек сол ақшаны ұқсату жағы кемшін. Мемлекеттен бизнесті дамытуға, әртүрлі жобаларды дамытуға, елдің тұрмысын арттыруға бөлінген қаржыны бақылау жағы кем.
Ауызды қу шөппен сүртуден, барлығын жоққа шығарудан аулақпын, алайда экономиканы жаңғыртуға бағытталған жобалар мен ұлттық жоспарлардың нәтижесі төмен. Кейбір салаларда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенімен, көптеген бағыттарда күтілген нәтижелерге толықтай қол жеткізу қиын. Мысалы, жуырда Ұлттық статистика бюросы елдегі ауылдардың саны азайып бара жатқанын айтты. Шілде айындағы дерек бойынша елде 6 208 ауыл бар екен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 78 ауылға аз. Ауылдардың азаюы елдегі ауылдық аймақтардың экономикалық жағдайының нашарлауының белгісі. Ауыл тұрғындарының саны 2024 жылы ауыл тұрғындарының ең көп тіркелген 2008 жылмен салыстырғанда 9,1 пайыз азайды. Қазір 3,5 млн-ға жуық ауыл тұрғыны еліміздегі үш ірі қаланың маңына ғана шоғырланған. Бұлай тек белгілі бір ірі мегаполистерге шоғырлану да экономикалық теңсіздікке әкеп соқтырады. Сондықтан үкімет болашақта ауыл халқының жағдайын арттыруға қатысты шынайы реформаларды қолға алуы керек. Ауыл халқының тұрмыс деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық және әлеуметтік инфрақұрылымның дамымауы экономикаға айтарлықтай кері әсер етеді. Бұл ретте әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға салынатын мемлекеттік қаржы қаншалықты нәтижелі?! Жол, мектеп, балабақша, аурухана, интернет жүйесі, мәдени-спорттық кешендер сияқты әлеуметтік инфрақұрылымдар негізінде «халықты көбейтеміз, елдің жағдайын көтереміз» деген біржақты пікірлер неге нәтиже бермей отыр? Осы сұрақтарға атқарушы билік нақты жауап беруі керек.
– Бізде бұған қатысты бағдарламалар, жобалар бар ғой. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламалары бар. Бас-басына бағдарлама ұсына беру қаншалықты қисынды?
– «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары ауылдарды толықтай жандандыру үшін жеткіліксіз. Бұл бағдарламалардың толыққанды жүзеге асуы үшін қосымша ресурстар мен нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған шаралар қажет. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтері бойынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылған. Бұл бағдарлама бойынша 2023 жылға тағы 218 млрд теңге бөлінген. Алайда «ауылдардың жағдайы әсіресе инфрақұрылым күткен нәтижені берді ме?» деген сауалдың жауабын табу қиын. Себебі оның есебін тек жақсы өрнектелген цифрлармен ғана аламыз. Ал нақтылы жағдай басқаша. Мысалы, жуырда ғана мен Шығыс Қазақстан облысында бір ауылда болдым, бар болғаны – 70 отбасы тұратын ауыл. Олардың көбісі зейнеткерлер, ауылға мәдениет үйін салып қойған, мектеп жөндеуді қажет етеді. Сонда 70 отбасы ғана тұратын ауылға жаңадан мәдениет үйін салу қаншалықты тиімді, ол мәдениет үйінде кімдер концерт береді, кімдер жұмыс істейді? Осы жағын зерттеу керек қой. Оның орнына ол ауылға халықты жұмылдырып, санын көбейтетіндей, өзге аймақтан елді көшіріп апаратындай, жаңадан жұмыс орындары құрылатындай бір шағын кластерлер құрған жөн еді. Сүт және сүт тағамдарын, ет және ет өнімдерін өндіретін шағын цехтар құру керек. Қазір ауыл тұрғындары осындай реформаларды күтіп отыр.
– Пікіріңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ