Қазақ әскері – теориядан практикаға дейін
Елімізде теңіз жаяу әскерлерін оқыту барысында арнайы тренажерлер жиі қолданылады. Осы әдісті қолдана отырып Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасының базасында мамандандырылған сабақтар өткізіліп жатыр.
Яғни әскери қызметшілер өз лауазымына қарай өтетін арнайы сабақтар кешенін үйренеді. Бұл әдістің негізгі мақсаты – функционалдық міндеттерді, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, оларды пайдалану тәртібін тиісінше меңгеру. Әскери іс теориядан гөрі практикаға мән беретіндіктен барлық сабақтар арнайы жабдықталған сыныптарда өткізіледі. Соның арқасында әскери қызметшілер тактикалық, инженерлік, атыс, саптық, арнайы, медициналық дайындық, сондай-ақ радиациялық, биологиялық және химиялық қорғау бойынша нормативтерді өз деңгейінде пысықтауға мүмкіндік алады. Мысалы, теңіз жаяу әскерлерін оқыту Қазақстанда өндірілген тренажерлар кешенінде жүзеге асырылады. Нәтижесінде, сарбаздар сыныптан шықпай-ақ жауынгерлік машина қозғалтқышының шуын сезініп, өздерін көп тонналық Т-72 танкісінің механик-жүргізушісіндей сезіне алады. Бұл сабақтың ұғынықтылығы мен практикалық машықтарды дамытуға өз ықпалын тигізеді екен.
«Тренажерлардың артықшылығы – олардың көмегімен жауынгерлік жағдайға, белгілі бір ауа райына бейімделе аламыз. Тәулік уақытын және жер бедерін өзгертуге де болады. Бұл функция өте қолайлы. Оның көмегімен курсанттар нысандарды анықтай алу және ату дағдыларын қалыптастырады. Оған қоса, тренажер ату нәтижелерін бағалауға да мүмкіндік береді. Мұның бәрі оқ-дәрілерді шығындамай-ақ жасалады», – дейді танкке қарсы басқарылатын зымыран кешенінің нұсқаушысы, гвардия кіші сержанты Мадияр Тілеков.
Аталған жазғы оқу кезеңінде 1500-ден астам маманды дайындықтан өткізу жоспарланған. Олар 60 оқу тобына бөлінген. Нұсқау жұмыстарына 150 әскери қызметші арнайы бекітілген. Бұл мамандық бойынша оқу процесі бір айға созылады. Содан кейін бөлімше бақылау кешенді сабақтарын өткізу арқылы әскери қызметшінің білімі мен дағдыларды меңгеру деңгейін анықтайды. Еске сала кетейік, осы жылдың басында аталған Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерінің бригадасында және «Оймаша» полигонында жеке дайындық сабақтары өткен еді. Онда әскери қызметшілер жауынгерлік даярлықтың функционалдық міндеттерін, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, оларды пайдалану ережелерін үйренеді. Одан бөлек, тактикалық, инженерлік, атыс, саптық, арнайы медициналық дайындық, радиациялық, биологиялық және химиялық қорғау бойынша нормативтер пысықталады. Қысқы оқу кезінде де сарбаздар мықты нұсқаушылармен, арнайы тренажерлармен жұмыс істеген болатын. Сөйтіп, арнайы кешеннің көмегімен қазіргі заманғы ұрыс жағдайының үлгісі беріліп, экипажға бірнеше шақырым жүру, тәуліктің кез келген уақытында және әртүрлі ауа райында әртүрлі кедергілерді еңсеру тапсырылады. Демек, сарбаздар оқу аудиториясынан шықпай-ақ, өзін жаяу әскердің жауынгерлік машинасының оператор-көздеушісі ретінде сезініп, оның ішінен қалай жұмыс істейтінін көреді, көлік моторының гүрілін естіп отырады.
«Өз елімізде шыққан жаңа тренажер кешендерін алдық. Бұлар Калашников автоматынан, танкке қарсы зымыран кешенінен, мерген мылтығынан, пулеметтен және граната атқыштан ату дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Жаттықтыру кешендерінің арқасында оқ-дәрілерді жұмсамай, оқу сыныбында сарбаздар нысаналарды анықтау және дәлдеуге, ату сәтін анықтауға және ату нәтижелерін бағалауға машықтанады», – дейді бригада сержанты, 2-сыныпты сержант Ержан Абжилов.
Биылғы жылы теңіз бригадасында тағы үш жаңа жаттықтыру кешені алынбақ, онда әскери қызметшілер бронды транспортерлерді басқаруды, танкті және көп мақсатты берен «Арлан» дөңгелекті машиналарынан атуды үйренеді. Жоспарға сәйкес қысқы оқу кезеңінде 1200-дің үстінде маман даярланады. Осы мақсатта 80 оқу тобы құрылып, нұсқаушы ретінде 150-ден астам үздік әскери қызметші тартылды. Мамандық бойынша дайындық бір айға созылады. Содан кейін кешенді бақылау сабақтары өткізіліп, әрбір әскери қызметшінің білімі мен машықтану деңгейі бағаланады. Жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде бөлімшелердің, взводтардың, роталардың, батальонның бірлескен іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңі бөлімшелерді үйлестіру болмақ.
Техниканың басқа түрлерін алу, толықтыру жағы да әрдайым күн тәртібінде. Мәселен, осы жылдың басында «Батыс» аймақтық қолбасшылығының теңіз бригадасына 20-дан астам заманауи әскери техника алынды. Олар көліктерді жөндеуге, сүйреуге және эвакуациялауға арналған. Оған қоса, Ақтау гарнизонының №25744 әскери бөліміне темір жол көлігімен КамАЗ 43114 және КамАЗ 43118 техникалық көмек машиналары, сондай-ақ ПАЗ-32054 шағын класты автобустар жеткізілген. Бұл туралы бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары Аслан Нұржанов былай деген:
«Жаңа техника қысқа мерзім ішінде жеткізілді. Мысалы, техникалық көмек машинасы (МТП) көп мақсатты автокөлік техникасын ағымдағы жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге және эвакуациялауға арналған. МТП жылдың кез келген уақытында және кез келген ауа райы жағдайында автокөлік техникасын жөндеу, эвакуациялау және қызмет көрсету бойынша кең функционалдық мүмкіндіктерге ие. Оқшаулау ретінде қалыңдығы 40 мм төмен жылу өткізгіштігі бар материалдар қолданылады, бұл қоршаған ортаның температурасы – 40 С°-тан + 40 С-қа дейін болғанда МТП пайдалануға мүмкіндік береді. Техника жан-жақты, ол кептеліп қалған автомобильдерді шығаруға, оларды сүйрету және жартылай тиеу әдісімен эвакуациялауға мүмкіндік береді», – деді А. Нұржанов.
Балауса Ділдәбек