Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:56, 06 Қазан 2023

Кинотеатрларда қазақша дубляждалған фильмдер не үшін аз – министр жауап берді

кинотеатр
Фото: из открытых источников

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ кинотеатрларында мемлекеттік тілге дубляждалған фильмдердің неліктен жоқ екенін түсіндірді.

Елімізде қазақ тіліне дубляж жасау мәселесімен Кинематографияны қолдау орталығы айналысады. Балаеваның айтуынша, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда қазақстандық компаниялар шетелдік кинопродюсерлердің қойған критерийлеріне сәйкес келмейді.

«Биыл бірнеше рет байқау жарияладық, өкінішке қарай, біздің продюсерлер халықаралық компаниялар белгілеген критерийлерге сәйкес келмейді. Бізде бұл мультфильмдерді өндірушілер сұрайтын нақты сертификат жоқ. Мен сала өкілдерімен кездесіп, осы тәсілдерге заңнамалық өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деп жауап берді Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол Қазақстанда қазір қажетті келіссөздер жүргізіліп, Кинематографияны қолдау орталығы шаралар қабылдап, соның арқасында бес компания шетелдік балаларға арналған анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аударуға дайындалып жатқанын айтты.

Министр жыл соңына дейін қазақ тіліне дубляждалған бес мультфильм үлкен экрандарға шығады деп уәде берді.

«Қазір біз осындай шешім қабылдадық. Бастама көтерген бірнеше компанияны бірігіп, бұл мәселені келіссөздер арқылы шештік. Жыл соңына дейін кинотеатрларға бес анимациялық фильм шығады», - деді Балаева.

Министр нақты қандай мультфильмдер қазақ тіліне дубляждалады деген сұраққа жауап бермеді.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда фильмдерді дубляж жасауға 443 миллион теңге бөлінген. Мәдениет министрлігі басшысының айтуынша, бұл сома әлі игерілмеген, бірақ олар мұны жыл соңына дейін – үш айға жетпейтін мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр.

Экс-министр Асхат Оралов жыл соңына дейін 15 фильмді дубляждауға уәде берген болатын.

"Біз жан-жақты зерттеп тұжырымдама әзірледік. Тұжырымдама бекітілді. Жылына 3-5 киноға дубляж жасау жеткіліксіз, кемі 15 кино болу керек деп жоспарлап отырмыз. Өйткені қазақша фильмге сұраныс бар», — деген еді экс-министр.