Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 15 Маусым 2024

Қазақ журналистика мектебінің алғашқы түлегі

1
Фото: vuzopedia

Биыл Қазақстанда журналистік білім берудің бастауында тұрған Қазақ коммунистік журналистика институтының (ҚКЖИ) құрылғанына 90 жыл толды.

 БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы оқу орнын тұңғыш тәмамдаған түлек, майдангер журналист, қайраткер Мәжит Белқожаұлы Түменов жайлы әңгіме қозғаудың реті келіп тұр.

Мәжит Түменов Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Аңырақай ауылында 1914 жылдың тамыз айында дүниеге келген. Атасы би болады, әкесі Белқожа мен анасы Тастан ауқатты ортада өмір сүреді. Ел арасында сыйлы, дәулетті отбасы тағдырдың тәлкегін аз көрмейді. Өткен ғасырдың басында орын алған саяси төңкерістер ауыл тұрмысына қатты әсер етіп, ақыры 20-жылдардағы аштыққа әкеп тірейді. Содан көзі қарақты әке «не де болса, сен аман болшы» деп тоғыз жасар ұлын мектеп-интернатқа тапсырады. Мәжит содан 1923-1930 жылдары Алматы қаласындағы №8 тәжірибелі-үлгілі мектепте оқыды. Алғыр бала үздіктердің қатарында болып, тілге бейімділігін көрсетеді. Осы мектепте Алаш арысы, ақын Ілияс Жансүгіровтің жұбайы Фатима Ғабитқызының қазақ тілінен сабақ беруі де Мәжиттің болашағын айқындап бергендей. Қазақша мен орысшаға жүйрік, сауатты жаза білетін жастар ол уақытта көп емес еді. Содан 1934 жылы Қазақ коммунистік журналистика институты ашылғанда оқуға бүкіл елден талапкерлер әзер жиналады. Сол бақ қонған жанның бірі – Мәжит Белқожаұлы болады. Осы арада аз-кем шегініс жасауға тура келеді…

Мәжит Түменов, 1970 жыл.
Мәжит Түменов, 1970 жыл

Қандықол большевик, қазақ жерінде 30-жылдары орын алған алапат ашаршылықтың көсеушісі Филипп Голощёкин 1933 жылдың қаңтарында өлкелік партия комитетінің атқарушы хатшысы қызметінен шеттетіледі де, орнына Мәскеудің әмірімен Левон Исаевич Мирзоян келеді. Елдегі жағдай өте ауыр еді, аштық жайлаған, босқын халық, жұмыс жоқ, талғажау тамақ табу тауқымет. Содан билік сәл еркіндік беруге, тұрмыс пен мәдениетке көңіл аударуға пейіл танытады, «жылымық» күндер орнайды. Абырой болғанда астық мол шығып, төл басы өсіп, халықтың мал ұстауына кеңшілік беріледі. Өндіріс ошақтары салынып, зауыттар ашылып, жұмыс орындары пайда бола бастайды. Жаңа Конституция қабылданып, Қазақ советтік социалистік республикасы құрылады. Содан Мирзоян халық арасында жақсы адам аталып, «Мырзажан» деген жылы сөзбен аңыз тұлғаға айналып шыға келеді. Осы даңққұмарлық оны жарға да жығады. «Әлін білмеген әлек» деген қазақта ұлағат сөз бар, Левон көктегіні көксейді. Мыңжылдықта міз бақпаған Хан тәңірі «Мирзоян шыңы» аталады. Ол аздай Әулиеата-Жамбыл қаласына да Мирзоян есімі беріледі. Мұндай астамшылық жерде қалмайды емес пе? Жоғарғы билікке шағым хаттар борайды, «көсеміміз» жауларын көбейтіп алады. Мәскеудің қырына іліккен «Мырзажан» қайтадан қатал большевик образына енеді, репрессияға Кремльден рұқсат сұрайды және қандықол саясаттың көсеушісі ретінде атын тарихта қалдырады.

Іздегенге сұраған, қазақ халқының ұлт зиялыларын жою науқаны, Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумында Иосиф Сталиннің сөйлеген сөзінен кейін басталды. Өйткені сол жиында Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасаған еді.

Алматыда 1937 жылы 8 желтоқсанда Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы атылады. Мұның алдында 27 қыркүйекте Мәскеу қаласында Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның өмірін бір оқ жалмайды. 3 қарашада Мәскеуде Нәзір Төреқұлов атылды. 1938 жылы 10 ақпанда Мәскеу түрмесінде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов қайтыс болады. Мәскеу облысында тағы бір Алаш арысы Жаһанша Досмұхамедов атылды.

Алматыда 1938 жылы ақпанда кіл жазықсыздар: халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов, ақын Ілияс Жансүгіров, жазушы Бейімбет Майлин мен профессор Санжар Асфендияров, тіл маманы, түркітанушы Құдайберген Жұбанов, наурызда ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, сәуірде Сәкен Сейфуллин атылады. Сөйтіп, Алаш арыстарының соңғы тұяғы халқына қалтқысыз қызмет еткені үшін жазықты болып, ұлттық деген ұлы идеяның тамырына балта тиеді.

Ғалымдар «қызыл террор» кезінде Қазақстаннан 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген деген дерек беріп жүр. Қызыл қырғынның зауалы Левон Мирзоянды да айналып өтпей, 1939 жылы ақпанда өзі де сот шешімімен атылады, сүйегі ортақ молаға тасталып, қабірі де қалмайды. Голощёкиннің де өмірі бір оқпен үзіледі.

30-жылдары ҚКЖИ Алматыдағы елеулі саяси-мәдени орта болғандығын, бүгінгі тілмен айтқанда, элитарлық һәм интеллектуальдық білім ордасы болғандығын ескерсек, оның тыныс-тіршілігін Алаш арыстарынан бөліп қарай алмаймыз. Яғни Мәжит Түменов тұңғыш дипломды кәсіби журналистердің бірі ғана емес, Алаш арыстарының соңғы тұяғын көзімен көріп, дәрісін тыңдаған, пікірлесіп, сөйлескен жан деп білемін…

Таяуда журфактың аудиториясында тосын кездесу болды. Қолында 2 архивтік суреті бар Мәжит Түменовтың қызы Сәуле әкпемізді кездестірдім. Таныса келе, ол кісінің білікті профессор, тарих ғылымының кандидаты екендігін білдім. Қолындағы суреттің алғашқысында 1934 жылы оқуға қабылданғандардың тұңғыш бас қосқан сәті бейнеленіпті. Екіншісі, 1937 жылы оқу орнын бітіргендердің ресми фотоколлажы, ортада жарқырап Санжар Асфендияров пен Сәкен Сейфуллин тұр, көзіме оттай басылды. Ол екеуінен басқа 14 ұстаз бен 28 түлектің суреттері бейнеленіп, есімдері жазылған. Сәуле Мәжитқызы Түменова «университет қабырғасында осы тұңғыштарға арналып аудитория ашылса, соны жабдықтауға үлесімді қосар едім, қолымдағы құжаттар мен деректерді берер едім» деген ұсыныспен жүр екен.

Сонымен, жиырма жасында жарқыраған Мәжит студенттің Алаш арыстарын өз көзімен көргендігінің басын ашып алайық.

Қазақ мемлекеттігі мен мәдениетінің тарихында Санжар Асфендияровтың алар орны айрықша! Әбілқайыр (1693-1748 ж.ж.) ханның ұрпағы Санжар әскери дәрігерлігімен, ғалымдығымен ерекшеленеді. Әр жылдары Ташкент пен Мәскеу қалаларында маңызды қызметтер атқарады. 1928 жылы Алматыға қоныс аударып, Қазақ педагогикалық университетінің ректоры қызметімен қоса, халық ағарту саласындағы ірі шараларға атсалысады, өлкетануды қолға алады, партияның баспасөз, үгіт-насихат бөлімінде мүше болады. Кейіннен Қазақ медициналық институтының іргетасын қалап, денсаулық сақтау халық комиссары қызметін ректорлықпен қатар атқарады. Қазақ ғылыми зерттеу ұйымдарының пайда болуына, тарих, археология, ұлттық мәдениеттің зерттелуіне жағдай тудырады. 1933 жылдың қарашасынан Қазақстан университеттері, ғылымы мен кітапханалары басқармасының бастығы лауазымында болады. Болашақ журналистерді даярлау оқу орнын ашу идеясы осы жерде дүниеге келуі бек мүмкін!

Санжар Асфендияров 1933 жылы құрылған Қазақ мәдениеті ғылыми-зерттеу институтында Сәкен Сейфуллин, Сейтқали Меңдешев, Бейімбет Майлинмен бірлесіп әдебиеттану, фольклортану, этнографиялық зерттеулердің іргетасын бекітіп, мұрағаттану, кітапхана ісіне үлкен өзгерістер енгізеді. Айналып келгенде, елдік рух еңсесін тіктеп, отаншылдық өрлеу көрініс береді.

Осы уақытта тап күресіне сыймаған «байшыл» Абай ақын ақталып, оның даналығына қайта оралып, мойындаған күн туады. 1933 жылы қыста Ілияс Жансүгіров Москвада жазушы Максим Горькиймен жолығып, қолдауына ие болады. Соның бір көрінісі Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан Абай шығармалары толық жинағының жеке кітап болып шығуына Ілияс бар пәрменімен атсалысады. Бұл қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға еді.

Құжаттар Санжар Асфендияровтың Журналистика институтында профессор штатында жұмыс істеп, тарихқа қатысты дәрістерді оқығандығын көрсетеді. Ал Сәкен Сейфуллин әдебиет пәндерін жүргізсе керек. Сонымен, жас Мәжиттің осы екі Алаш алыбының алдында шәкірт болғаны бұлтармас ақиқат!

Қазақ көгінде жарқыраған тұлғаның бірі – Темірбек Жүргенов. Ол 1933-37 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарғанда мекемені мектеп жүйесін реттеу, ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырады. Оның ұйымдастыруымен 1934 жылы Алматыда Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слеті, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігі табысты өтеді.

Қазақ тіліне реформа жасап, тілтаным мен әдебиеттанудың іргетасын қалап берген заңғар ойшыл Ахмет Байтұрсынұлының болашақ журналистерге сабақ бергендігі туралы ақпарат зерттеуді қажет етеді. Дегенмен данагөй мен студенттер арасында байланыс болғандығына еш күмән жоқ. Оның өмірбаянында «1934 жылы М.Горькийдің жұбайы, Қызыл Крестің мүшесі Е.П.Пешкованың көмегімен А.Байтұрсынұлы абақтыдан мерзімінен бұрын босатылып, отбасымен Алматыға оралады, қазіргі мұражайы болып тұрған үйінде өмірінің соңғы жылдарын өткізеді» деп жазылған. Алайда бұл уақытта тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады.

Алаш арысы Бейімбет Майлин 1934 жылдан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет істейді. Оның қол қоюымен шыққан соңғы газет 1937 жылдың 30 шілдесінде жарық көрген. Алматыда тұрған Бейімбеттің болашақ журналистермен байланысы болғандығына да күмән жоқ. Сол сияқты Алаш арысы, ақын Ілияс Жансүгіров 1934 жылы өткен І съезде Қазақстан жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланады, 1934-1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы болып қызмет етеді. Жұбайы Фатима Ғабитқызы Мәжиттің мектептегі ұстазы екендігін еске алсақ, екі ортада байланыс болғандығын болжап білуге болады. Оның үстіне студент тәжірибеден өтуге редакцияларға, баспаларға барады емес пе?!

Бір естелікте, «1936 жылдың жаз айында Қазақ коммунистік журналистер институтында Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасын оқиды. Институт ректоры Үмітбай Балқашев, партия ұйымының хатшысы Рашит Оспаров, оқу ісінің меңгерушісі Федор Жеребатьев екі иығына екі адам мінгендей, палуан денелі Ілиясты қошаметпен ертіп әкеп, президиумға отырғызады» деп жазылғаны ойымызды дәлелдей түседі.

Қазақ коммунистік журналистика институтын бітірушілердің фотоколлажы
Суреттерде: Қазақ коммунистік журналистика институтын бітірушілердің фотоколлажы, 1937 жыл.

Фотосуреттегі тағы бір тұлға – Мәулен Балақаев, қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым, кейіннен академик атанады. Ал 1934 жылы жас маман институттың кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, қазақ тілінен сабақ береді.

Оқу орнын бітірушілер фотосуретіндегі 28 журналистің әрқайсысының өз орны мен абырой-биігі бар екендігіне ешқандай күмән жоқ. Өкінішке қарай, фотодағы бейне сөйлемейді, әрқайсысын жеке таратып беретін дереккөзіміз жоқ. Алдағы уақытта тың деректер табылып, тұңғыштарды танып, естеліктермен толықтыратындар шығып жатса, абыройлы іс болар еді. Түменовтар әулетінде сақталған архивтің де өз қилы тағдыры бар. Ұзақ жылдар түрлі құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар мен газет қиындылары сырт көзден таса, құпия сақталып келген, сыртқа сыр ашпаған. Қызы Сәуле соларды жинақтап, 2022 жылы «Қаламгер – қайраткер» атты кітапты жарыққа шығарды.

Сонымен, Алаш арыстарының соңғы легін көзімен көріп, құлағымен естіген, ұлағатын түйген, даналығын бойына жинаған Мәжит Түменовтің өміржолына оралайық. ҚКЖИ-ын тәмамдаған жас мамандарды коммунистік партияның үгіт-насихат бөлімі жан-жаққа жұмысқа орналастырады. М.Түменов Орталық радиокомитетке жолдама алып, жаңа қалыптасып жатқан Қазақ радиосында балалар бөлімін басқарады. Сонымен қатар «Вожатый» журналының редакциясында жұмыс істейді. Аз уақыт Қызылорда қаласына барып, облыстық киноландыру мекемесінің директоры қызметін де атқарады.

1939 жылы партияның әмірімен Жамбыл облысына, «Коммунист» газетінің редакциясына жұмысын ауыстырады. Сол жылдары газетті біртуар азамат – Жайық Бектұров басқарады және жоғары білімді журналистерді іріктеп, жұмысқа шақырып, жағдайларын жасайды. Мәжит облыстық газеттің бөлім меңгерушілігімен қатар, үш аудандық газеттің тілшісі ретінде талмай еңбектеніп, өңірлік баспасөздің қалыптасуына, мамандарының өсіп шығуына ұйытқы болады. Содан 1941 жылы соғыс басталғанда өзі сұранып, желтоқсан айында майданға аттанады.

Жұбайы Зәуре Олжабайқызының естелігінде соғысқа аттанар алдында Мәжиттің атақты палуан Қажымұқанмен бірге жүріп, ел аралап, жылу жинағандығын, яғни оның самолетіне қаржы жиналуының жәрдемшісі болғандығы айтылады.

Соғыста М.Түменов 118 зеңбірек-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болады. Мәскеу, Орловск, Ржевск қалаларын фашистерден қорғайды, майдандық газеттерге жазып тұрады. 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге қайтады, Самсы ауылына келіп емделеді. Жарақатынан жазылған соң партияның үгіт-насихат бөлімі Мәжитті Талғар қаласындағы Іле аудандық «Сталин туы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындайды. 1951-1953 жылдары Жоғары партия мектебін бітіреді.

Майдангер редактордың «Сталин туындағы» қызметі 8 жылға созылады. Естеліктерге қарағанда, коммунист Мәжит сол кездегі көсемдер Иосиф Сталин мен Франклин Рузвельтті саяси қайраткерлер ретінде идеал тұтады. Әсіресе Сталинге шаң жуытпайды, өмірінің соңына дейін ұстанымынан танбай, қорғаштап өтті. Ал тағдыр болса, азаматты аз сынаған жоқ. Ауыр соққыны күтпеген жерден алды.

Талғар қаласында 1952 жылы «Сталин туының» кезекті саны «Сталин уы» болып басылып шығады, баспаханада көбейту кезінде «Т» әріпі ұшып кетеді. Ол заманда газет клишесі ағаштан да жасалатын, тақырыптар жеке литерлерден терілуші еді. Үлкен саяси дағдарыс орнап, баспахана жұмысшысы еврей жігіт түрмеге тоғытылады. Майдангер журналист, 5 баланың әкесі Мәжит Түменов қызметінен босап, қатаң партиялық сөгіс алады. Сол кездегі аупартком бірінші хатшысы Д.Берәлиев пен бөлім басшысы Т.Қатаев М.Түменовтің бұл жерде кінәсіз екендігін айтып, қорғап шығады. Сөйтіп, Нарынқолға «Советтік шекара» газетіне редакторлыққа қызметке жіберіледі. Осында жиырманың үстіндегі жас Мұқағалиға батасын беріп, өлеңдерін газетке басады.

Кейін 1957 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданының «Ленин жолымен» газетіне редактор болып ауысады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін осы газет редакциясында қызмет атқарады. Арасында жұмыссыз қалған күндері де болады. Онда да партияның қитұрқы саясаты жатты. Бұл енді Никита Хрущевтің асыра сілтеген, астамшыл оспадарлығы еді, «қазақ тілінде мектеп, балабақша, газет дегендер керек емес, жабылсын» деген шешім шығарады. Қызыл партия көсемі «бүкіл әлем коммунизмге жетеді, ұлт деген жойылады, ортақ тілде сөйлейміз» деп өзеуреген күндер де болған. Сол дәуірден қазақта «Маленков берген байталды, Хрущев келіп, қайта алды» деген сөз қалады. Өмір шіркін, қилы сынақтардан тұратын көрінеді.

Мәжит Белқожаұлы отбасы бақытын көріп, мағыналы ғұмыр кешеді. Соғыста алған жарақаты салдарынан қайтыс болады. Жұбайы Зәуре 11 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіреді, олардан немере, шөбере сүйеді. Күйеуінің бай мұрағатын сақтаудағы еңбегі зор. Майдангер журналиске тіреу де, сүйеу де болған, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. 1936 жылы Самсыда мектепте оқып жүргенде жыр алыбы Жамбыл атасымен кездесіп, омырауына қызыл галстук тағады. 1937 жылы қыздар педагогикалық училищесінде оқиды. 1938 жылы Мәжит Түменовке тұрмысқа шығады. Сауатсыздықты жою науқанына белсенді қатысқаны үшін Алаш алыбы Бейімбет Майлиннің қолынан арнайы сыйлық алады. Міне, осы деректің өзі Мәжит те Бейімбетті көрген, білген деген тұжырымды дәлелдеп тұр.

Таяуда, «Абай ТВ» телеарнасында танымал продюсер, ақын Жаңылхан Асылбекованың ұйымдастыруымен «Ұмытпаймыз» бағдарламасының арнайы хабары тұңғыш кәсіби журналист, майдангер Мәжит Түменовке арналып, эфирге шықты. Бұл да Алаш рухының қазақпен бірге жасап келе жатқандығының, өміршеңдігі мен жасампаздығының көрінісі болды.

Кемел жазушы Мұхтар Әуезов бір жазбасында былай дейді: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын». Осы айтқандай, Ақаң мен Әлихан бас болған, басқалары қош көрген Алаш арыстары көсемсөздің қуаты мен екпінін бізге аманат етті. Ұлтқа қызмет етудің ерен үлгісін қалдырып, жеке бастарын өлімге де қиды.

Тарихтан сабақ алып, әділетті де бақуатты қоғам құруда журналистер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алмағайып қазіргі уақытта ұлт мәдениетін, тарихын жетік білетін адам ғана жаhандық өзгерістер мен болашақтың жарқын жолын тез бағдарлап, дамитындығына көз жеткіздік. Осы жолда әр журналистің өз орны, абыройы мен беделі бар. Кәсіби мерекедегі тілек: қазақ журналистикасын Алаш рухы жебесін, екпіні оңынан соқсын!

Аязби АҚБЕРГЕНҰЛЫ,

журналист, ғалым

Тегтер: