Қазақстан АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашуға дайындалып жатыр
Қазақстан АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын іске қосу үшін қажетті халықаралық мәртебені алуға дайындалып жатыр. Осы мақсатта биыл қыркүйек айында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) бағдарламасы аясында сарапшылардың Қазақстанға сапары жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің бас директоры Майкл Дэниел мәлімдеді.
Оның айтуынша, FAA мамандары ұлттық авиациялық заңнама мен мемлекеттік қадағалау жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексереді. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті бақылауды күшейтіп, әуе қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдатып отыр.
Қазіргі уақытта комитеттің қадағалауында 104 әуе тасымалдаушы мен авиациялық ұйым, 973 әуе кемесі және 25 сертификатталған әуежай бар. Өткен жылы және биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 1 200-ден астам тексеру жүргізілген. Нәтижесінде талаптарды бұзған 7 әуе компаниясының, 4 оқу орталығының және 2 сервистік ұйымның қызметі уақытша немесе толық тоқтатылған. Сонымен қатар «Best Airport Service» жобасы аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасы тексерілуде.
Биыл Қарағанды, Семей және Қызылорда әуежайлары алты айлық жаңғырту бағдарламасынан өтіп жатыр.
Майкл Дэниелдің айтуынша, негізгі мақсат – 2026 жылдың қараша айында FAA-ның CAT 1 мәртебесін алу. Бұл мәртебе Қазақстанға АҚШ-пен тікелей әуе рейстерін ашуға мүмкіндік береді.