Қазақстан алтын, күміс және басқа да металдардың 26 кен орнын сатады
ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын және мырыш сияқты бағалы қазбалардың 26 кен орнына электронды аукцион жариялады.
2024 жылғы 7 қарашада осы пайдалы қазбаларды өндіру бойынша аукцион өткізу тәртібі жаңартылды. Қатысуға өтінімдерді 2024 жылдың 15 қарашасынан 2025 жылдың 15 қаңтарына дейін minerals.e-qazyna.kz платформасы арқылы беруге болады. Аукционның өзі 2025 жылдың 29 қаңтарында e-qazyna.kz веб-порталында өтеді.
Аукционға қатысу құқығы үшін жарна 100 АЕК – 369 200 теңгені құрайды. Айта кетейік, сатылатын кен орындарының тізімінен ең үлкені Қарағанды облысындағы 1-Дубовская кен орны. Оның көлемі 27 шаршы шақырым.
Қараша айының басында ресейлік Solidcore Resources plc Қазақстанның солтүстігіндегі Lancaster Group компаниясынан игерілмей жатқан Сырымбет қалайы кен орнындағы 55 пайыз үлесін сатып алатыны белгілі болды.
Ал наурыз айының басында Қазақстанның Индустрия және құрылыс министрлігі Обуховское кен орнына электронды аукцион өткізу туралы хабарландыру жариялады.
Бұған дейін кен орнының иесі "Тиолайн" ЖШС болған. 2021 жылы компанияның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарты қаржылық және инвестициялық міндеттемелерді орындамауына байланысты тоқтатылды. "Тиолайн" компаниясының иелерінің бірі Виктор Долгалев 26 миллиард теңгені заңсыз жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен қамауға алынды. айта кетейік, Солтүстік Қазақстанда орналасқан Обуховское кен орнында титан-цирконий өндіріледі.