Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:30, 22 Мамыр 2025

«Қазақстан балалары» ұлттық науқаны басталды

Балаева
Фото: ашық дереккөз

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елімізде «Қазақстан балалары» атты ұлттық онкүндік басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы бейнеүндеу жасап, бастама аясындағы негізгі бағыттармен бөлісті.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы онкүндік «Отбасы – тәрбие бастауы!» ұранымен өтіп жатыр. Өйткені баланың тәрбиесінде басты рөлді ең алдымен отбасы атқарады. «Тұлғаның қабілеті мен болмысы ең алдымен үйде қалыптасады», – деді Аида Балаева.

Ата-ана мен мемлекет – бір мақсат жолында

Бала тәрбиесі мен сапалы білім алуы – мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Министр осыған байланысты соңғы зерттеу нәтижелерін келтірді:

– Қазақстан азаматтарының 90%-ы ата-ана болуды өміріндегі ең маңызды құндылық деп есептейді;

– 85%-ы ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті отбасылық әл-ауқаттың басты шарты ретінде көреді.

Қамқорлық пен қауіпсіздік – басты назарда

Балалардың әл-ауқатын жақсарту бағытында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бірлесіп бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Атап айтқанда:

– «One-Stop-Service» жобасы аясында балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық бойынша 50-ге жуық қылмыстық іс қаралған;

– 700-ден астам әйел мен балаға жедел құқықтық және психологиялық көмек көрсетілген;

– Елдің шалғай аймақтарын аралаған «Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңнан астам азаматқа, соның ішінде көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға қызмет көрсетті.

Сондай-ақ балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суицидтің алдын алу бағытында нақты бастамалар қолға алынған.

Жаңа ұлттық бағдарлама әзірленіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үшінші Ұлттық құрылтайда «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын жасау тапсырылған болатын. Қазіргі таңда Үкімет бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұл бағдарлама балалардың құқықтарын қорғауға, олардың өмір сүру сапасын арттыруға және заманауи сын-қатерлерге жауап беретін тұтас ұлттық жүйеге айналмақ.

«Ата-ана академиясы» және онлайн-платформа

Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылы «Ата-ана академиясы» атты жаңа жобаны іске қосты. Жоба отандық және шетелдік тәжірибелерге негізделген, бала тәрбиесі бойынша ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталған. Жақын уақытта арнайы онлайн платформа да іске қосылады.

Министр ата-аналарға үндеу жолдады

Бейнеүндеу соңында Аида Балаева барша ата-аналарға арнап:

 «Балаларыңыздың ішкі дүниесі мен қажеттіліктеріне көбірек көңіл бөліңіздер. Бақытты әрі дені сау ұрпақ – еліміздің басты мақтанышы және мемлекетіміздің өркендеуінің шынайы көрсеткіші», – деп атап өтті.

Министр барлық қазақстандық отбасыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, ел ішіне бейбітшілік, береке және бала шаттығы тілеп, сөзін қорытындылады.

Тегтер: