17:42, 15 Қазан 2024
Қазақстан Еуропаның 4 қаласына рейстер ашуды жоспарлап отыр
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
Қазақстан тарапынан келісімге Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Еуропалық тараптан Еуропалық одақтың көлік және ұтқырлық дирекциясының Халықаралық авиация жөніндегі саясат офицері Брайан Саймон қол қойды.
Қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың 5 елімен (Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) тікелей әуе қатынасы орнатылды және аптасына 2 қазақстандық және 3 еуропалық әуе компаниямен 34 рейс орындалады. Жаз мезгілінде елдер саны 6-ға (Греция) дейін артады.
Бұл ретте тараптар арасындағы әуе қатынасын кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда. Орта мерзімді перспективада қазақстандық әуекомпаниялар Будапешт, Рига, Вена және Мюнхен қалаларына рейстер ашуды жоспарлап отыр.