Қазақстан халқын біріктірген спорт мерекесі
2024 жылдың 8 қыркүйегі мен 13 қыркүйегі аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Ол Қазақстан халқын татулыққа, береке-бірлікке, патриотизмге шақырған бірегей спорттық мереке болды.
Аталған күндері елордада этноспорттың көрігі қызып, көрермен көзайымына айналды. Жарысқа мұхит асып келген америкалық ковбойлар да қатысып, өнер көрсетті.
Ресми ақпарат бойынша турнирге 89 елден келген 2430 спортшы қатысты. Одан бөлек 560 спорттық ат, 45-ке жуық құс сайысқа түсті. Астанада көкпар, күрес, садақ ату, арқан тартыс, құсбегілік, жамбы ату, бәйге, асық ату, аударыспақ сияқты 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салынды.
Елордадағы «Думан» қонақ үйі, «Қазанат» ипподромы, этноауыл, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны және «Астана Арена» стадионы спорттық бәсекені жоғары деңгейде қабылдап, өткізді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жарыс қожайыны Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Германия, Чехия, Франция, Гана, Эфиопия, Нигерия, Зимбабве, Ирландия, Венесуэла, Лаос қатарлы елдер қатысты.
Жарыс қорытындыы бойынша, Қазақстан құрамасы жалпы 114 медаль жеңіп алды. Оның 44-і алтын, 33-і күміс және 37-сі қола медаль. Біздің құрама командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Ал жалпы 64 медальге ие болған Қырғызстан (18 алтын, 21 күміс, 25 қола) екінші орын алса, 34 медалі бар Өзбекстан (11 алтын, 12 күміс, 11 қола) үздік үштікке неді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қазақстандықтардың басын біріктіріп, патриоттық сезімін оятты. Елорда төрінде өткен дүбірлі дода ел халқының мерейін өсіріп, шаттық сыйлады. Еліміздің халықаралық турнирді жоғары деңгейде өткізгенін көрген көпшіліктің көкірегін мақтаныш сезімі кернегені анық. Жеңімпаз спортшыларымыздың арқасында көк туымыз биікте желбіреп, әнұранымыз сан мәрте шырқалды. Көшпенділер ойыны спорттық шара ғана емес, патриотизмнің көрінісі болды.