Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 27 Маусым 2024

Қазақстан-Италия: Еуропадағы сауда байланысы

1
Фото: ашық дереккөз

2024 жылғы 25 маусымда Астанада Қазақстан республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Италия республикасының Қазақстан республикасындағы елшісі Марко Альбертимен кездесті.

Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына отыз жылдан асты. Атап айтқанда, 1992 жылғы тамыз айында екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынас орнату туралы келісімге қол қойылған. Дәл сол жылдың қазан айында Қазақстанда Италия республикасының елшілігі ашылды. Елшілік 2005 жылдың сәуір айынан бастап Астана қаласында орналасқан.

Ал 1996 жылы Италияда Қазақстан республикасының елшілігі ашылды. 2009 жылы Италия республикасы мен Қазақстан республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы мемлекетаралық келісімшартқа қол қойылған.

Аталған келісімшарттар негізінде Астана мен Рим арасындағы екіжақты достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімдер дамып келеді. Сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени байланыс та жақсы қалыптасқан. Мысалы, 2013 жылы Италияда Қазақстанның мәдениет күндері, ал 2016 жылы Қазақстанда Италияның мәдениет күндері өтті. 2015 жылы Қазақстанның ұлттық мұражайы мен Италияның «Чивита» қауымдастығы арасында келісімге қол қойылды. Амброзиан кітапханасында Қиыр Шығыстағы зерттеу орталығы жұмыс істейді, оған Қазақстанды зерттеу сыныбы кіреді.

Астанадағы кездесуде дипломаттар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, инвестициялық жобалардың орындалу барысы, шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселесін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық әріптестіктің 15 жылдығына жоспарланған жоғары деңгейдегі байланыстар мен мәдени-гуманитарлық шаралар туралы сөз болды.

2024 жылғы қаңтар айында Қазақстан президенті Римге ресми сапармен барып, Италия министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездескен. ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мемлекет басшысының Италия республикасына ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын, сондай-ақ байланыстар динамикасын жоғары деңгейде сақтау қажеттігін атап өтті.

Сол сапар барысында екі ел арасында бірқатар маңызды келісімшарттарға қол қойылған. Мелонимен кездесуде мемлекет басшысы Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі екенін айтты. Ал Джорджа Мелони қазақ-итальян қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізген.

Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналым 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.

Астанадағы кездесуде дипломаттар биыл шілде айының басында жоспарланған «Neos» әуе компаниясының Астана-Милан бағыты бойынша алғашқы рейсін іске қосу Қазақстан-Италия қарым-қатынасының барлық спектріне елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

Ал елші Марко Альберти Алматыдағы Италия Мәдени орталығының қызметі туралы баяндап, екі ел арасындағы гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған мәдени және имидждік жобаларды жүзеге асыру жоспарларын жеткізді.

Сонымен қатар кездесуге қатысқан мамандар екі мемлекет арасындағы білім және ғылым саласындағы байланыстар оң бағытта дамып жатқанын, атап айтқанда, биыл күзде ауыл шаруашылығы саласындағы италиялық жетекші жоғары оқу орындарының бірімен қос дипломдық бағдарламаны іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті.

ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуроодақтың Қазақстан азаматтары үшін визалық режимін жеңілдету мәселесін көтерді. Осы мәселеде қолдау көрсеткені үшін Италия билігіне алғысын білдіре отырып, Василенко диалогты ілгерілету және осы саладағы ынтымақтастықты жандандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектесетінін айтты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметіне сенсек, Италия былтыр Қазақстанның үшінші ірі сауда серіктесі атанды. Риммен саудамыз 2023 жылғы сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінің 14,4 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Италия Ресей мен Қытайдан кейінгі орында тұр.

Ал 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында екіжақты тауар айналымы 6,4 миллиард АҚШ доллары болды. Мұның ішінде экспорт – 6 миллиард, импорт – 400 миллион долларға жетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық 16 миллиард АҚШ доллары болған, оның 14,8 миллиарды экспорт, ал 1,2 миллиарды импорт. 2005 жылдан бері Италиядан Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 7,6 миллиард доллардан асты.

Ал Италия үкіметі таратқан мәлімет бойынша, 2024 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан республикасының азаматтарына 12 210 виза (оның 9 600-ден астамы туристік шенген визасы) берілген, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайыз жоғары көрсеткіш.

Қазақстан мен Италия арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастық орнаған. Дипломаттар алдағы уақытта жасыл энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.

Екі ел БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізуге дайын. Сондай-ақ Астана мен Рим жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерде де ортақ тіл табысып отыр. 

Еламан Өмірхан

Тегтер: