Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 18 Ақпан 2025

Қазақстан құрамасы Солтүстік Кореядан жеңілді

Құрама

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы су жаңа бапкері Әли Әлиевтің жетекшілігімен Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әлиев Жерорта теңізінің жағасына құраманың негізгі ойыншыларын емес, тізімге енуге үміткер футболшыларды ертіп кеткен.

Құрама 14 ақпан күні Өзбекстанның «Локомотив» (Ташкент) клубымен жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Біздің құраманың жалғыз голын шабуылшы Айбар Жақсылықов соққан.

Ең қызығы, біздің құрама екінші бақылау ойынын 17 ақпанда Корей Халық-демократиялық республикасына (КХДР) қарсы өткізді. Әлемдегі ең жабық мемлекет саналатын Солтүстік Корея өзге құрамалармен жолдастық матч өткізе бермейді. Өткізсе де, Иран, Сирия, Тәжікстан сияқты Азия елдерімен кездеседі. Кейінгі кезде тіпті Ресейдің кәсіпқой клубтарымен күш сынасып жүрген. Жақында президенті ауысқан Қазақстан футбол федерациясы Пхеньянмен қалай келісімге келгені белгісіз.

Бұл ойында Солтүстік Корея футболшылары 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда қос құрама бір-бірінің әлсіз тұсын таба алмаған. Бірақ ойынның екінші бөлігінде шығысазиялықтар айласын асырып кетті.

ФИФА рейтингінде Қазақстан құрамасы – 110, Солтүстік Корея – 115-орында тұр. Бірақ КХДР құрамасының халықаралық турнирлердегі тәжірибесі бізден әлдеқайда көп, 1966 және 2010 жылдары әлем чемпионатына екі мәрте қатысқан.