Қазақстан – Өзбекстан: екі ел дипломаттары Хиуада бас қосты

2025 жылғы 20 наурыз күні Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстанға ресми жұмыс сапарымен барды.
Ол осы сапары барысында Хиуа қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысына қатысты.
Өзбекстан – елімізге ең жақын көрші мемлекеттердің бірі. Қазақстан мен Өзбекстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына отыз жылдан асты. Атап айтқанда, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылғы 23 қарашада белгіленген. Содан бері Астана мен Ташкент қарым-қатынасы тату көрші, жақын стратегиялық серіктес ретінде қалыптасып отыр. 1998 жылғы 31 қазанда Қазақстан мен Өзбекстан арасында мәңгілік достық туралы шартқа, 2013 жылғы 14 маусымда стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылған.
Хиуада екі елдің жауапты мемлекеттік органдарының өкілдері бас қосты. Олар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестиция, көлік және логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жайы сөз болды. Астана мен Ташкент стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға ниетті екендерін растады.
ҚР Сыртқы істер министрі қазақ-өзбек қарым-қатынасы кейінгі жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Сондай-ақ ол биік және жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі дамыту мен парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
«Елдеріміз барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-сонды болмаған жоғары деңгейіне жетті», – деп мәлімдеді М. Нұртілеу.
Ал Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық деңгейде қарқынды кеңейіп келе жатқанын растады. Дипломаттар сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту, өзара тауар айналымын арттыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, құрылыс салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға келісті.
Қазақстан мен Өзбекстан Орта Азиядағы екі ірі мемлекет. Екі елдің ортақ шекарасы, ортақ тарихы және ортақ мәдениеті бар. Бауырлас ұлттар өмір сүреді. Мысалы, Қазақстанда тұратын өзбек диаспорасының, Өзбекстанда тұратын қазақ ұлтының саны аз емес. Екі жақта да жұрт береке-бірлікте тұрып жатыр. 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өткені есімізде. Бұл да Астана мен Ташкент арасындағы қою қарым-қатынастың айқын көрінісі.
Екі мемлекет арасында экономикалық байланыс та өте жоғары. Қазақстан Өзбекстанның үш негізгі сауда серіктесінің бірі саналады, екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы 4 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. Мемлекет басшылары бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 10 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Еламан Өмірхан