Қазақстанда 8 млн адам декларация тапсырудан босатылады
Қазақстанда 8 млн адам декларация тапсырудан босатылады.
Қаржы министрі мәліметтер қорын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, 2025 жылы декларация тапсыруы тиіс 8 миллион адамды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырудан босатуды ұсынды.
Оның айтуынша, жеңілдік жеке құрылымдардың қызметкерлерін, зейнеткерлерді, үй шаруасындағы әйелдерді, студенттерді және басқа да азаматтарды қоса алғанда, жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына қатысты болады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулерді дайындап, кейін Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.
"Қазір декларацияны 4 миллионнан астам адам тапсырып жатыр. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы азаматтардың барлық басқа санаттары декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұл халықтың алаңдаушылығын туғызды", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Қазақстандағы мемлекеттік органдардың деректер базасы «максималды цифрландырылғанын» атап өтті. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шот деректерімен алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан, жалпы алғанда, жеке тұлғалардың мүлкі туралы барлық ақпарат қолжетімді.
Декларациялауды мынадай санаттағы азаматтар үшін сақтау ұсынылады: Қазақстаннан тыс жерлерде активтері бар, жыл ішінде құны 20 мың АЕК-тен асатын сауда жасағандар (74 миллион теңге).
Азаматтарға өз еркімен декларациялау құқығы берілетінін айта кеткен жөн.
Еске салайық, бір күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың декларациялары туралы маңызды мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы қарапайым азаматтардың декларация тапсыру қажеттілігі туралы мәселені қайта қарауды тапсырды.
Декларацияның бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 қаңтарында басталды. Мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқаратын тұлғалар мен олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады.
Екінші кезеңде – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері жұбайларымен бірге декларация тапсырды.
Жалпы декларациялаудың үшінші кезеңі 2024 жылғы 1 қаңтардан басталды – декларацияны тапсыру кезегі бизнесмендер – басшылар, заңды тұлғалардың құрылтайшылары және қатысушылары мен оның жұбайлары, жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайлары. Талап әрекетсіз және тоқтатылған кәсіпорындарға да қатысты еді.
Соңғы кезеңде қалған барлық қазақстандықтар декларация тапсыруы тиіс болды.