Саясат

Қазақстанда вице-президенттің өкілетін президент айқындайды

Қазақстанда вице-президенттің өкілеттігі жеке президент жарлығымен белгіленеді. Бұл туралы 8 мамыр күні парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

Шенеунік

Президент, Құрылтай және депутаттарды сайлау туралы конституциялық заңдарға енгізілетін түзетулерді талқылау барысында мәжіліс депутаты Татьяна Савельева вице-президенттің «өзге де өкілеттіктері» деген нені білдіретінін сұрады.

«Вице-президент институты – мемлекет басшысы жүктейтін миссияны ғана атқаратын құрылым. Ол президенттің мүддесін білдіреді. Осы логикаға сүйенсек, оның өкілеттік аясын дәл президенттің өзі анықтайды», - деді Ерлан Сәрсембаев.

Министрдің айтуынша, вице-президенттің өкілеті арнайы президент жарлығымен бекітіледі. Сол құжат арқылы бұл қызмет туралы ереже де қабылданады.

«Осылайша мемлекеттік басқарудың икемділігі мен бейімделгіштігі қамтамасыз етіледі», - деді министр.

8 мамыр күні Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Онда президент, Құрылтай және депутаттарды сайлау туралы конституциялық заңдарға енгізілетін түзетулер қаралуда.

Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында Құрылтай сайлауы өтетінін жариялаған болатын. Мемлекет басшысы партиялар сайлау науқанына дайындалып, сайлаушылармен жұмыс жүргізуі үшін мерзім алдын ала хабарланғанын айтты.

Жаңа Конституция 15 наурызда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге сайлаушылардың 73,12 пайызы қатысқан. Оның ішінде 87,15 пайызы Конституцияны қолдап дауыс берген. Қарсы болғандар саны — 898 099 адам, ал 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған.

Жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістердің қатарында Қазақстан халқының бірлігі қағидатын бекіту, заң шығару бастамасы құқығына ие «Халық кеңесі» институтын құру, экологиялық жауапкершілік нормаларын енгізу бар. Сонымен қатар саяси реформалар аясында бір палаталы «Құрылтай» парламентіне көшу, Қазақстан халқы Ассамблеясының функцияларын қайта бөлу және вице-президент лауазымын енгізу қарастырылған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз