Қазақстандағы сайлауда мерекелік көңіл күй сезіледі – Армениядан келген байқаушы
Армения Орталық сайлау комиссиясының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Эрмине Арутюнян Астанадағы Қ. Мыңбаев атындағы мектеп-лицейде орналасқан №131 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты.
Армения ОСК делегациясы Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының ресми шақыруымен дауыс беру басталардан бір күн бұрын елге келген. Эрмине Арутюнянның айтуынша, халықаралық сарапшылар сапардың алғашқы сағаттарынан-ақ сайлауға дайындық барысымен танысып, сайлау учаскелерін аралауға мүмкіндік алған.
– Біз дауыс беруге бір күн қалғанда келдік. Кеше Орталық сайлау комиссиясының жұмысымен танысуға мүмкіндік берілді. ОСК атқарып жатқан жұмыстың ауқымы бізге үлкен әсер қалдырды, – деді ол.
Арутюнян Қазақстанға бұған дейін де келгенін атап өтті.
Халықаралық байқаушылар Қазақстанда сайлауды ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілгеніне назар аударған. Олардың бағалауынша, сайлау инфрақұрылымы жоғары деңгейде әзірленіп, барлық рәсім қолданыстағы заңнамаға сәйкес нақты ұйымдастырылған. Бұл сайлау процесінің барлық кезеңінің ашық өтуіне мүмкіндік береді.
– Дауыс беру күні азаматтардың белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Демалыс күні болғанына қарамастан, тұрғындар таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге белсенді қатысуда. Процесс кідіріссіз өтіп жатыр, сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасалған, – деді Эрмине Арутюнян.
Ол сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл күй қалыптасқанын да айтты.
– Армения Республикасы парламенттік жүйе және толық пропорционалды сайлау жүйесі бойынша көпжылдық тәжірибеге ие. Сондықтан Қазақстанда осыған ұқсас тетіктердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Қазіргі реформалар елдің алдағы саяси дамуына берік негіз қалайды, – деді Армения ОСК өкілі.
Халықаралық байқаушылар ерекше атап өткен бағыттардың бірі – Қазақстандағы сайлау процесінің цифрландырылу деңгейі. Сайлауға дайындық пен оны өткізу барысында заманауи технологиялық шешімдердің, электронды сервистер мен инновациялық тәсілдердің қолданылуы жүйенің ашықтығы мен технологиялық тұрғыдан дамығанын көрсетеді.