Қазақстандық жүк тасымалдаушылар Ресеймен шекарада QR-код көрсетуге міндеттелді
Ресей 2026 жылғы 1 маусымнан бастап автокөлікпен тасымалданатын жүктерге қатысты жаңа бақылау жүйесін енгізеді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Ресейдегі жүк алушы тауар жеткізілімі алдында арнайы құжат рәсімдеп, QR-код алуы тиіс. Бұл код жүргізушіде электронды немесе қағаз түрінде болуы қажет. Егер расталған QR-код болмаса, жүк көлігі Ресей аумағына кіргізілмей, кері қайтарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушыларға QR-кодтың бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес берді.
Сонымен қатар ведомство кодтағы мәліметтерді жүк құжаттарымен сәйкестендіріп, рәсімдеудегі қателіктер шекарадан өту уақытын ұзартып жіберуі мүмкін екенін ескертті.