Қазақстандықтар тұрғын үйді сақтандыруға міндетті болмақ
Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа тетік бастапқы кезеңде еліміздің үш өңірінде пилоттық режимде іске қосылмақ.
Жоба бойынша тұрғын үй иелері жыл сайын сақтандыру жарнасын төлейді. Оның мөлшері 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Ал жер сілкінісі, су тасқыны немесе орман өрті сияқты табиғи апат салдарынан баспанаға зиян келсе, меншік иесіне 1 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін өтемақы қарастырылған.
Әзірге пилоттық жобаға нақты қай үш өңір кіретіні белгісіз. Жүйені толық енгізу бірден жүзеге аспайды. Міндетті сақтандыру жарналарын енгізу үшін үш жылдық өтпелі кезең қарастырылған.
Жоба табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың баспанасын қалпына келтіруге кететін шығынды азайтып, тұрғындарды қаржылық тұрғыдан қорғауды көздейді.
Міндетті сақтандыру жүйесінің нақты қашан және қандай тәртіппен іске қосылатыны кейінірек белгілі болады.