Live

Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі 25,5 трлн теңгеден асты

Қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызы артып келеді. Ұлттық банктің 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларына арналған деректеріне сәйкес, бөлшек несие портфелі 25,5 трлн теңгеге жеткен.

Қарыз

 Бұл жыл басымен салыстырғанда 2,8%-ға көп. Тек мамыр айының өзінде несие көлемі тағы 0,7%-ға өскен.

Берілген қарыздардың басым бөлігін бұрынғыдай тұтынушылық несиелер құрайды. Олардың жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетіп, халықтың барлық несиесінің шамамен үштен екі бөлігін алып отыр. Бұл азаматтардың күнделікті шығындарын өтеу үшін қарыз алуға тәуелділігі әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар ипотекалық несиеге деген сұраныс та күшейіп келеді. Қазіргі таңда тұрғын үй сатып алуға берілген ипотекалық қарыздардың көлемі 7,3 трлн теңгеге жеткен. Сарапшылар мұны халықтың баспанаға деген сұранысының сақталуымен және мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың әсерімен байланыстырады. Ал өзге мақсаттарға рәсімделген несиелердің көлемі 1,08 трлн теңгені құраған.

Экономистердің айтуынша, халықтың қарыз жүктемесінің ұлғаюы отбасы бюджетіне қосымша салмақ түсіріп, төлем қабілетіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан қаржы мамандары несие рәсімдеу кезінде ай сайынғы табыс пен шығынды мұқият есептеп, қарызды тек нақты қажеттілік болған жағдайда ғана алуға кеңес береді.

Тегтер: қарыз
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз