Қоғам

Қазақстанның су ұйымын құру бастамасы қолдау тапты

Су тапшылығы мен климат өзгерісі әлемдік қауымдастық үшін ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр.

1

 Бұл экологиялық проблема ғана емес, экономикалық тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға айналды. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан су дипломатиясын күшейту бағытында нақты бастамалар көтеріп, халықаралық деңгейде белсенділік танытып отыр. Биыл наурызда қазақстандық дипломаттар халықаралық су ұйымын құруды ұсынған.

Ал 15 сәуірде Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев БҰҰ Бас хатшысының су мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Ретно Марсудимен кездесті. Кездесу барысында тараптар жаһандық су қауіпсіздігіне төнген қатерді талқылап, олардың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстарға алып келуі мүмкін екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан президентінің Халықаралық су ұйымын құру бастамасы ерекше мәнге ие екені айтылды. Бұл ұсыныс су үшін туындайтын қақтығыстардың алдын алып, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.

Қазақстан бұл бастаманы декларативті деңгейде қалдырмай, оны халықаралық әріптестерімен белсенді талқылап келеді. Мысалы, 15 сәуір күні Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның су ресурстары саласындағы жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, су ресурстарын тиімді басқару бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесу барысында қазақстандық тарап Халықаралық су ұйымын құру бастамасын таныстырып, оны жүзеге асыру үшін мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажет екенін жеткізді. Пәкістан тарапы бұл ұсынысқа қызығушылық білдіріп, қолдау танытты.

Дәл осындай мазмұндағы диалог Еуропа бағытында да жүріп жатыр. 17 сәуірде Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испания Сыртқы істер министрлігінің өкілі Люсия Гарсиямен кездесуінде аталған бастамаға ерекше тоқталды. Испан тарапы да су саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту қажет екенін атап өтіп, Қазақстан ұсынған идеяны қолдауға дайын екенін білдірді.

Сарапшылардың пікірінше, Халықаралық су ұйымын құру бастамасы уақыт талабына сай туындап отыр. Қазір трансшекаралық өзендер мен су ресурстары үшін бәсекелестік күшейіп, кейбір өңірде бұл мәселе геосаяси шиеленістерге ұласа бастаған. Мұндай жағдайда тиімді әрі үйлестірілген халықаралық механизмнің болуы аса маңызды.

Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Алдағы күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит кезінде су қауіпсіздігі мәселесі талқыланбақ. Онда су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдері мен ортақ шешімдер қарастырылады деген болжам бар.

Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы – жаһандық деңгейдегі өзекті ұсыныс. Оны экологиялық бастама ғана емес, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін стратегиялық қадам деп қабылдау қажет. Егер бұл идея халықаралық қолдауға ие болып, іске асса, су ресурстарын басқарудың жаңа кезеңі басталуы мүмкін.

Қуан Өмірхан

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз