Оқиғалар

Қазақстанның терроризмге қарсы тәжірибесі БҰҰ мінберінде

Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және терроризмге қарсы күрес бағытындағы бастамаларын әлемдік деңгейде жүргізіп келеді.

терроризм

 Елдің бұл саладағы тәжірибесі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, Біріккен ұлттар ұйымының алаңдарында үлгі ретінде ұсынылып отыр. Соның жарқын дәлелі ретінде 26 маусым мен 2 шілде аралығында Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығы аясындағы іс-шараларды айтсақ болады.

Терроризмге қарсы апталық – БҰҰ-ның осы бағыттағы ең маңызды халықаралық алаңдарының бірі. Апталық барысында мемлекеттер терроризмнің алдын алу, экстремизммен күрес, қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту және қоғамға қайта бейімдеу мәселелерін талқылайды. Биылғы жиынның басты бағыттарының бірі – БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясына шолу жасау болды. Қазақстан бұл құжатты әзірлеуге белсенді атсалысып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан делегациясы форумда Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын елге қайтару тәжірибесін таныстырды. Бұл тәжірибе халықаралық деңгейде ең табысты гуманитарлық және қауіпсіздік жобаларының бірі ретінде бағаланып келеді.

Конференциядағы ерекше оқиғалардың бірі – Қазақстанға репатриацияланған әйелдің БҰҰ мінберінен сөз сөйлеуі болды. Ол қақтығыс аймағынан елге оралғаннан кейін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында қоғамға қайта бейімделіп, жаңа өмір бастағанын айтты. Қазір оның балалары білім алып, өзі шағын кәсіппен айналысып жүр. Бұл оқиға Қазақстанның терроризмге қарсы саясатында қауіпсіздік шараларымен қатар гуманитарлық әрі әлеуметтік қолдау тетіктеріне де басымдық беретінін көрсетті.

Апталық аясында Қазақстан Орталық Азия елдерімен бірлесіп қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу мәселелеріне арналған арнайы сайд-ивент өткізді. Сондай-ақ Қазақстан делегациясы БҰҰ өкілдерімен, халықаралық сарапшылармен және серіктес мемлекеттердің делегацияларымен бірқатар екіжақты кездесу ұйымдастырды. Қазақстанның бұл саладағы тәжірибесіне қызығушылық жоғары болғандықтан, ел өкілдері Ресей мен Ямайка ұйымдастырған халықаралық іс-шараларға спикер ретінде шақырылды.

Қазақстанның мұндай белсенділігі елдің көпвекторлы әрі жауапты сыртқы саясатының нақты көрінісі саналады. Астана халықаралық қауіпсіздік мәселесінде нақты тәжірибе ұсына алатын мемлекет ретінде танылып келеді. Ел сыртқы саясатта БҰҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық құқық қағидаттарын сақтауға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық береді.

Қазақстан билігі жүзеге асырған «Жусан» және кейінгі «Русафа» гуманитарлық операциялары әлемдік қауымдастықтан жақсы баға алды. Аталған операциялар нәтижесінде Сирия мен Ирактан 700-ден аса Қазақстан азаматы елге қайтарылды (олардың басым көбі әйелдер мен балалар). Оларға медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қоғамға қайта бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Қазақстан терроризмге қарсы күресте күштік әдіске ғана сүйенбей, оның әлеуметтік себептерін жою, адам құқықтарын сақтау және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор деп санайды. БҰҰ алаңында ұсынылған қазақстандық тәжірибе осы ұстанымның тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосып отырған нақты үлесін көрсетті.

Қуан Өмірхан

Тегтер: терроризм
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз