Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:23, 17 Қазан 2023

Кентавр немесе ғұн қоғамындағы авторитаризм

1
Фото: из открытых источников

Әлеуметтану ғылымында «Мандела әсері» деген термин бар. Бірнеше адамның бір оқиға немесе образ туралы бірдей ойлауы. Бірақ ол ой шындыққа жанаспайтын болып шығады. Қоғамдық жадтың қатесі сияқты.

2010 жылы интернет беттерінде қоғам қайраткері, саясаткер Нельсон Манделаның өлімі туралы сөз болып кетті. Әлеуметтік желідегі халық Оңтүстік Африкалық лидерді 1980 жылдары түрмеде өлді деген шешім шығарған. Тіпті кейбір адамдар оның өлімі туралы жаңалықтарды, газет беттеріндегі мақалаларды есіне түсірген екен. Бірақ Нельсон Мандела 2013 жылға дейін өмір сүрді. Аталған құбылыстың психикалық астарына үңілмей-ақ өзіміздің айтқымыз келген мәселеге ойысалық. Біздің халықта да бұл әсердің тарихи тұрғыда бой көрсетіп қалатын жері көп. Әсіресе «Кентавр» ұғымына байланысты.

Өзіңізге белгілі, кентавр – жартылай адам, жартылай жылқы келбетті мақұлық. Ол грек мифологиясында, кейіннен рим мифологиясында екі түрлі тұрпатта көрінеді. Мейірімді және зұлым. Грек мифтерінде батырлардың қалыңдығын зұлым кентаврлар ұрлап кетеді. Кейбір мифтерде кентаврлар сол батырлардың ұстазы (атабегі) болып та суреттеледі. Олардың ішіндегі ең танымалы – Гераклдің Фол есімді кентавр ұстазы.

Осы мақұлықтың грек мифологиясында пайда болуын көпшілік ғұндармен байланыстырады. Міне, біздің санамыздағы «мандела әсері» – осы. Кентавр деген мақұлық грек мифологиясында ғұндарға дейін болған. Бір деректерде кентавр прототипі ретінде Дунай мен Қытай арасында еркін көшіп жүрген скифтер аталады.

Еуропаға бірінші барған көшпенділер – ғұндар емес. Олардан бұрын алаңдар, скифтер, сарматтар барды. Бұл халықтар көбіне тонаушылықпен айналысқан болатын. Соғыс – көшпенділердің ең жақсы меңгерген өнері еді. Олар атқа тұңғыш отырған сәтінде-ақ өздерін әлемді жаулаушы сезінген.

Міне, осы еуропаға алғаш барған көшпенділер грек шекарасына шабуыл жасап, олардың зәресін ұшырды. Аттан түспейтін, ешқашан жаяу соғыспайтын халық ретін еуропалықтардың жадында мәңгі қалды. Дегенмен гректер де олармен дипломатиялық қарым-қатынас жасай бастағанды. Оларды байлықпен, жаңа жерлермен арбап, өз әскерінің құрамына шақырды. Мұның екі түрлі себебі болған. Бірінші – шекарадағы тонаушылықтан құтылу үшін. Екінші – көшпенділердің соғыс өнерін үйрену үшін. Кентавр көшпенділердің осы екі образын да сақтады. Тонаушы – зұлым. Әскер құрамындағы – ұстаз.

Осылай бірнеше ғасыр алмасты. Рим күшейіп, алып империяға айналды. Олар да көшпенділермен гректер сияқты қарым-қатынас жасады. Өзіне тартты. Тіпті Артур корольдің 12 рыцарінің сарматтар болғаны туралы да деректер кездеседі. Рим сарматтарға жер беріп, оларға империя байлығынан бөліп отырады. Сәйкесінше, сармат ұлдары империя әскерінің құрамында біршама жыл қызмет етуі тиіс. Осылай Артур корольдің ең сенімді, таңдаулы батырлары сарматтар болды.

Еуропада аз-кем тыныштық орнады. Римнің де жаулап алатын жерлері азайды. Империя экономикалық дағдарысқа ұшырады. Олардан жер, байлық алып отырған көшпенділерге бөлінетін үлес те азайды. Тіпті үлесті жеткізушілердің өзі де жолдан жымқырып қалатын болған. Салық көбейді. Наразылық күшейді. Әсіресе көшпенділер тарапынан. Осы кезде ғұн халқы еуропа жерінің есігін қақпай кіріп келді. Олар екі ғасыр жол жүріп келе жатқан еді.

Біздің заманымыздың 4 ғасырында ұлы қоныс аудару басталды. Бірнеше ғасыр қытай ауылдарын тонап келген ғұндар қытай күшейе бастағанда батысқа ығысты. Жәй ығысқан жоқ. Олар жолындағыларын бірге еуропаға қарай ығыстырған еді. Дәлірек айтқанда, бұл қоныс аудару тікелей ғұндарға байланысты болға.

Ғұн тайпалары еуропа көрмеген әскери дайындықта болатын. Бүгінгі тілмен айтқанда ғұндардың қолында өз заманының ең озық технологиялары болды. Ауыр, көбе бұзар садақ. Оның ұшқан кездегі ысқырар қауырсындары тағы бар. Ер. Қарапайым аттың ері. Оған дейінгі еуропаға барған көшпенділер атқа жайдақ отыратын. Немесе қарайым төсеме төсей салатын еді. Ал ғұндардың ері – бүгінгі біз білетін ерге ұқсайтын. Оның ағаштан жасалған каркасы аттан ауып кетпеуді қамтамасыз етті. Сонымен бірге үзеңгі болатын бұл ерде. Бүгінде үзеңгі атқа отыру үшін ойлап табылғандай көрінер. Жоқ. Атты өздері қолға үйреткен халыққа үзеңгінің түк қажеті жоқ. Расында үзеңгі де соғыс үшін ойлап табылды. Әсіресе садақты ғажайып меңгерген ғұндар оны жебені нысанаға дәл ату үшін қолданған.

Шауып келе жатқан аттың үстінде садақ ату ыңғайсыз. Көздеу қиын. Ал үзегіге тұрып алған адам тізесі арқылы бір қалыпты күйін сақтай алады. Яғни бұл сәтте адам тізесі көліктің амортизаторының рөлін атқарады.

Үзеңгінің тағы бір артықшылығы – найза, қылыштасу кезінде адамға қосымша күш беретін. Міне, сол кезеңнің озық соғыс технологиясы осылар болатын. Мұнан бөлек ғұн арбалары да, үйлері де – бәрі-бәрі соғысқа ыңғайлы етіп жасалған.

Тарихшылар зерттеді дегенмен, ғұн тайпаларының еуропа жеріндегі өмірі көпшілікке таныс емес. Оларды біз бабаларымыз ретін ел территориясынан шығарып салып, соңыра Римді құлатқанын білеміз. Бары осы ғана.

Бір жыл бұрын «Ғұндардың құлы» (Slave of the Huns) деген кітап қолыма түсті. Ағылшын тілінде. Орыс тіліне де аударылғаны туралы дерек кездестірмедім. Авторы – Геза Гардони. Венгер жазушысы. Кітап 1901 жылы жарық көрген және автордың әлемге танымал романы болып саналады. Сыншылар кітаптың тарихи дәлдігіне аса қатты назар аударған. Сонымен қатар ғұндар мен римдіктер арасындағы атақты Каталаунум шайқасын жан-жақты суреттеген кітап саналады. Романға ғұндар жайлы жазған рим тарихшылары Приск Панийский, Аммиан Марцеллин, Иорданың еңбектері пайдаланылғаны байқалады. Көшпенді тайпаның халыққа ұялатқан қорқынышы туралы Аммианның еңбектері қолданылса, ғұндар тіршілігі турасында Присктің еңбектері негізге алынған. Приск көшпенді тайпа арасында бір жарым айға жуық өмір сүрген Рим елшісі болатын. Аттила жайлы ең құнды деген деректерді дәл осы тарихшы қалдырған.

Роман желісі әкесі құлдыққа сатқан бала тағдырымен басталады. Ол қатыгез қожайыны арқылы Приск есімді мейірімді ұстаздың қолына түскен. Оны Приск Зета деп атап кетеді. Өз аты толық ұмытылады. Ол хат танып, әлем тарихымен танысып, өзгелерден өзін жоғары санайтын. Присктің көмекшісі ретінде ғұндарға елшілікке барып, сонда Чат есімді ғұн ақсүйегінің Эммо есімді қызына ғашық болады. Нәтижесінде қожайынының атынан жасырын Чатқа хат жазады. Хаттың мазмұнында «осы құлды сізге сыйлаймын» деп айтылған. Сонымен ол ғашықтық жолында өзін құлдыққа байлайтын. Ғұндардың шығу тегіне қарамай, соғыста ерлік көрсеткендерге ақсүйектік дәреже беретінінен үміттенеді. Ол соғыс тәсіліне үйреніп, Каталаунум шайқасына қожайыны Чатпен бірге аттанады. Жараланып, майдан даласында қалса да, соңында Эммо үшін қайтып келетін. Солай Аттиланың қайтыс болғанын, оның жерлеуін көреді. Роман сол Аттиланың жерленуімен және ғұндардың өзара тартысымен аяқталады.

Еуропның ғұндардан қорқынышы романда былай суреттеледі: (Еркін аударма).

«Жылаған баласын аналар:

– Тыныштал! Ғұндар келе жатыр! – деп қорқытатын.

Ұйқысынан шошып оянған адам:

– Түсімде ғұндарды көрдім», – дейтін».

Ғұндардан бұрын да көшпенділерді көріп, олардың образынан кентавр келбетін жасаған халық неге бұл көшпенділерден сонша қорықты? Бірнеше болжам бар.

Біріншіден, ғұндардың түрі оған дейінгі көшпенділерге ұқсамайтын еді. Олар Азияны екі ғасырға жуық кезіп өтіп, әртүрлі тайпалармен араласты. Тағы түркілік тұрпат қалыптастырды десек болады. Өйткені еуропа тарихшылары ғұндарды: «Қол-аяқтары мықты. Жуан мойынды. Бойлары аласа. Бірақ өте ширақ әрі кең иықты келеді. Садақ атуға шебер» деп суреттейді. Мұнан бөлек Присктің Аттиланы да суреттеуі сақталған: «Тапал, басы үлкен. Сақалы сирек. Шашы сұрғылт. Жалпақ мұрынды. Терісінің түсі тіпті жиіркенішті».

Романда жазушы ғұндардың бойын былай суреттейтін. «...ғұндардың денінің бойы тапал. Бұттары қысқа. Олар аттың үстінде ғана ғажайып көрінетін еді. Ал жаяу кезде үйрек сияқты маймаңдап қалады».

Яғни ғұндардың бойы түркілерге, жалпы азияттықтарға ұқсас тапал болған-ды. Тіпті түрлерінің өзі де дәл бүгінгі қазақ халқын суреттеп тұрғандай көрінеді. Көздерінің қысықтығы да сақталған. Осы тұста «сары, көк көзді бабалар» жайлы деректердің өтіріктігіне тағы бір көз жетеді. Әсіресе бізге орыс тарихшылары сіңірге «ақсүйектік» келбетіміздің моңғол шапқыншылығынан кейін өзгергенінің де өтірік екенін ұғынамыз. Бұл деректердің астарында қазақты, жалпы түркіні Шыңғыс империясынан езгі көргендей көрсету жатыр. Ал тарихи деректер біздің келбетіміздің заманымыздың басында-ақ осындай болғанын дәлелдеп жатыр.

Екіншіден, ғұндардың қаніпезер екені, аяушылықты білмейтін жабайы халық екені де айқын болатын. Олар өлтірген адамдарымен мақтанатын және сол жауларының бас терісін немесе басын кесіп алып, санаушыларға апарушы еді. Сол бастар арқылы жауынгерлерге сыйақы берілетін. «Хатшыларға көрсетемін деп шапқан бастарды жинамадым. Ерлігіме куә кім бар?» дейді шайқастан кейінгі Зета. Осы негізде отырықшы халық ғұндарды орман-батпақ рухтарының ұрпағы деген аңыз жасап алды. Бұл негізге мифтеріндегі кентавр образы қосылды. Осы екі образ негізінде еуропалықтар ғұндардан өлердей қорыққан болатын.

Үшіншіден, ғұндарды шіркеулер өз игілігіне оңтайлы пайдаланды. Яғни хрестиан діндарлары Аттиланы «құдайдың қаһары», «құдайдың қамшысы» деп түсіндірді. Адамдардың құдайға, шіркеуге сенімі азая бастағанда эпископтар халықтың өзін кінәлай салды. «Күнәлі істеріңе қарай Құдай Аттила келбетіндегі қаһарын жіберіп отыр». Осы тұста анықтығы дәл емес хадис еске түседі. Махмұт Қашқари: «Шығыста менің түрік деген әскерім бар. Кімге қаһарымды төксем, соған сол әскерді жіберем», – деген хадисті жазады. Әрине, дінде түркінің жауынгерлігі туралы жеткен хадистер баршылық-ақ. Бірақ дәл осылай жеткені туралы деректер аз.

Сонымен еуропалықтар ғұнның ұсқынсыз келбетінен, олар жайлы өздері жасап алған аңыздардағы образдарынан және құдайдың қаһары болуынан қорықты. Кез келген адамның өзін күнәлі сезінетіні рас болса, оның күнәсі үшін жазаланатыны да айқын деп ұққан ол заман Аттила әскерін көре қалғанда-ақ тізелері дірілдейтін.

Аттиланың жеке тұлғасы айналасындағы аңыздар да халыққа қорқыныш сыйлайтын. Өз қаласын қорғағысы келген епископ Аттилаға:

«Тақтарды құлатып, елдерді қиратып, адамдарды табаныңа таптап келе жатқан сен кімсің? Күшің қайдан келеді? Әлемді төңкеруді кім бұйырды? Сен кімсің?

Аттила:

– Ego sum Attila, flagellum Dei! (Мен Аттиламын, Құдайдың қасіретімін!) – деді.

– Егер солай болса, – деп жауап берді қарт епископ көзіне жас алып: – Егер сен шынымен Құдайдың қасіреті болсаң, онда мен саған қарсы ештеңе істей алмаймын. Кел де басқаларға не істесең, бізге де соны істе».

Осы Лупус атты епископ патша сарайындағы сөзінде де:

– Құдіретті патша! Патшалардың патшасы! Даңқ сіздің атыңызды аспанға қанды әріптермен жазады, аққан жұлдыз сіздің жолға шығатыныңызды хабарлады. Олар сізді әлемнің қасқыры немесе қанішер шайтаны деп атаса атай берсін! Егер мен сізден бұрын құдаймен қауышсам, оған сіздің мықты, әлемді дүр сілкіндірген әскеріңіздің менің қалама тиіспегенін, бүгін түнде оның тұрғындарының тыныш ұйықтағанын жеткіземін», – дей келіп, кез келген дамудың алдында қантөгіс боларын, бір қасірет келерін бипаздап жеткізетін. Яғни дін өкілі оның қан төгіс әрекеттерін құптарлықтай көрінеді. «Әлем қазір дауылды күнгі теңіз сияқты аласапыран. Әр ұлт – үлкен толқын және барлық толқын батысқа қарай беттеді. Құдайдың еркі осындай болса керек».

Бұл әлемдегі кез келген патшаның, кез келген диктатордың еститін сөзі-тін.

Осы деректер Присктің еңбектерінде келеді. Ол ойын «Аттила әлемді дүр сілкіндіру үшін туған адам» деп бағалайды.

Мұнан бөлек, Аттила қолындағы қылыш та еуропалықтардың зәресін ұшыратын. Аңыз бойынша соғыс құдайы Марстың қылышы болады оның қолында. Бірақ ғұндардың өзі бұл семсерді «Тәңір қылышы» деп атайтын. Осы Марс қылышы кейінірек ағылшын аңыздарына Артур корольдің «Эскалибур» семсері болып та енген деген дерек бар.

«Ғұндардың құлы» романы тарихи негізі терең роман екені белгілі болғандай. Ал шешімі тарихи деректерге негізделмеген болса керек. Бірақ жалпы Аттила қайтқаннан кейінгі ғұндардың жағдайын тура көрсететін.

Бұл мәселені Аттила абыройынан бастау керек. Тұтас роман бойында қағанның жеке басына табыну байқалмағанмен, Аттиланың сөзінсіз ешқандай мәселе шешілмейтінін де аңғарамыз. Тіпті патша аптаның бір күнінде сарай алдына шығып, шешілмей жатқан мәселелерді шешіп отыратыны суреттеледі. Яғни кез келген қарапайым тұрғын патшамен тікелей сөйлесе алады. Белгілі бір есепте бұл демократиялық принципке негізделгендей көрінеді. Мұндай ашықтық тұтас көшпенділік өркениетке тән болатын. Бірақ дәл осы ашықтық өркениеттің түбіне жетті. Қалай?

Ғұндарда, одан кейінгі кез келген көшпенді мемлекетте атқарушы, орындаушы билік болған жоқ-ты. Бүкіл мемлекет белгілі бір адам абыройының айналасына құрылатын. Ол адам мемлекеттегі кез келген іске араласқандықтан, оның кірісуінсіз ештеңе шешілмейтін еді. Өзге ақсүйектер жауапкершілік алмай, бәрін билеушіге ысыра береді. Қысқасын айтқанда, авторитарлық режим күш ала береді әрбір көшпенді қоғамда. Ал соңы қалай болды? Роман былай аяқталады:

«Қаш! – деп сыбырлады ол. – Тез кет. Қалада жан түршігерлік қантөгіс болып жатыр!

Алыстан шығып жатқан шу Каталаун жазығындағы шайқасты есіме түсіргенін сонда ғана түсіндім.

– Халық екіге бөлінді! – деді Жидда сыбырлап. – Сарайдың төңірегінде ғұндар бірін-бірі қырып жатыр! Қашу керек, Зета. Мына тозақтан қашу керек!..»

Бұл қантөгіс Аттиланың екі баласының қайсысы патша болады деген мәселеден бастау алады. Ал билік иерархиясы дұрыс жолға қойылмағандықтан ақсүйектер келісе алмады бір-бірімен. Оларда шен де, лауазым да болмайтын.

Осылай авторитаризм кесірінен, ақсүйектердің жеке-дара шешім шығара алмайтын жауапсыздығынан қанша көшпенділер мемлекеті құлады. Осыны түсінгендіктен болса керек, Қазақ хандығы билер институтын қалыптастырған болатын. Ол белгілі бір есепте жемісін берді де.

Бүгінгі қазақ қоғамында да авторитарлық режим белең алып кетпеуі ықтималдығы тұр. Өйткені жергілікті билік «жоғарымен ақылдаспай» ештеңе істемейді. Өзінше шешім қабылдай алмайды. Яғни біздің басқарушылар да авторитетке тәуелді. Сол не деп қалады деген оймен жүреді. Бастысы – бастарына жауапкершілік алғысы келмейді.

Бір адам абыройының айналасына құрылған мемлекет ұзақ өмір сүрмейді. Македонский, Наполеон, Әмір Темір, Аттила... барлығының құрған мемлекеттері өздері өлгеннен кейін ұзаққа бармады. Сонымен бірге авторитарлық режим қоғамдағы жастардың да бойына сенімсіздік сыйлайды.

 

                                                                                                           Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ 

Тегтер: