Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 21 Маусым 2024

Ким Чен Ын мен Путиннің пойызы

1
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын ел ішінде және басқа мемлекетке ресми сапарында ұшақтан гөрі пойызды абзал көреді.

Оның баяу қозғалатын, оқ өтпейтін пойызы бар. 2023 жылы, 4 жыл дегенде алғаш рет Ресейге ресми сапары кезінде осы пойызбен Владивостокқа барған. Ким Чен Ынға тиесілі пойыз туралы ақпарат, фото және бейнематериалдар өте аз. Сол сияқты Ресей президенті Путин де Украинаға басып кірерден бұрын ұшақ емес, пойызды жиі пайдалана бастаған. 

Солтүстік Корея диктаторы неге пойызбен жүреді?

Ким Чен Ынның ХХІ ғасырдағы мемлекет басшысына тән емес арнайы пойызбен сапарлатуының сыры неде жатқаны белгісіз. Оның атасы Ким Ир Сен мен ұшаққа отырудан қорқатын, әкесі Ким Чен Ир де осы көлік түрін көп пайдаланған.

Кимнің пойызында Солтүстік Кореяның саяси элитасынан басқа ешкім саяхаттамаған. Оның интерьерінің суреттері өте аз. Сол елдің мемлекетке жұмыс істейтін БАҚ өкілдерінің жазған мәліметтері және барлау агенттерінің хабарлауынша, Солтүстік Корея басшысының пойызы жасыл және сары түске боялған. Вагонның ішінен түсірілген суреттерден ұзын брифинг үстелдері мен үлкен мониторы бар жылтыр ақ интерьерді көруге болады. Басқа суреттерде қызыл былғары креслолары бар бөлмелер бейнеленген.

1Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын (сол жақтан екінші) пойызда Қытай Коммунистік партиясының халықаралық басшысы Сонг Таомен (оң жақтан екінші) келіссөздер жүргізуде (Корея Орталық ақпарат агенттігі, 2019 ж.).
Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын (сол жақтан екінші) пойызда Қытай Коммунистік партиясының халықаралық басшысы Сонг Таомен (оң жақтан екінші) келіссөздер жүргізіп жатыр. Фото: Корея Орталық ақпарат агенттігі, 2019 ж

Солтүстік Корея басшысының пойызбен сапары туралы толық ақпарат ресейлік шенеунік Константин Пуликовскийдің «Восточный экспресс» кітабында жарияланған. Ол Ким Чен Ирмен бірге Ресейдің Қиыр Шығысына сапарын сипаттаған.

«Орыс, қытай, корей, жапон және француз тағамдарынан кез келген тамаққа тапсырыс беруге болатын еді. Пойызда жас қыздар ән шырқайды» деп суреттейді ол кітабында.

2009 жылы Оңтүстік Кореяның Chosun Ilbo агенттігі барлау мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, пойызда 90 вагон бар екенін мәлімдеген. Олардың кейбіреулері көліктерді тасымалдауға арналған. 2001 жылы Ким Чен Ирмен бірге пойызда болған ресейлік дипломат Георгий Толорая вагондарда екі брондалған «Мерседес» көлігі болғанын жазған.

пойыз
Фото: Александр Сафронов/AP

Кимнің пойызы өте баяу жүреді

Солтүстік Корея көшбасшысының пойызы өте баяу жүреді. Оның максималды жылдамдығы небәрі 88 км/сағ. Мысалы, Ким Солтүстік Кореядан Владивостокқа 20 сағатта жеткен. Бұдан бөлек, Трамппен кездесу үшін Вьетнамға сапары 65 сағатқа созылған.

Ресейлік дипломат Толораяның айтуынша, 2001 жылы ресейлік техниктер Ким Чен Ир пойызын тексерген кезде Солтүстік Корея басшысы ұйықтайтын және қызметтік мақсатта пайдаланатын екі негізгі вагонның астынан қалың темірлер табылған. Сондай-ақ техниктер вагондардың кеңес дәуірінен қалғанын, бірақ модификацияланғанын анықтаған.

Пойыз сапар барысында қауіпсіздік шараларына байланысты өте көп тоқтайды. Chosun Ilbo газетінің хабарлауынша, Ким пойызының бағыты бойындағы станцияларды 100-ге жуық қауіпсіздік агенттері тексереді. Сондай-ақ басқа пойыздар жүрмеуі үшін станциялар электр энергиясынан ажыратылады. Пойызды КСРО кезінен қалған Ил-76 әскери ұшағы мен Ми-17 тікұшақтары сыртынан бақылап жүреді.

Кимнің пойызбен сапарлауының тағы бір артықшылығы – бұл көлікті радар немесе басқа бақылау құралдары арқылы анықтау қиын. Оның ресми сапарлары көбіне аяқталғаннан кейін ғана жалпыға жарияланады.

Баяу жүретінінен бөлек, пойызбен сапарлаудың өзге де қиындықтары бар. Ресей теміржолдарының ені Солтүстік Кореяның теміржолдарынан ерекшеленеді. Шекарада вагондарды соған бейімдеу үшін көп уақыт кетеді. Дегенмен Қытай мен Солтүстік Кореяның теміржолының өлшемдері бірдей.

Бірақ бастысы, қауіпсіздік Ким әулетінің теміржол көлігін таңдайтынының маңызды себебі болуы мүмкін. Ким Чен Ирдің бұрынғы оққағарларының бірі Солтүстік Корея басшысы ұшаққа мінсем жарып жібереді деп қорқатынын айтқан. Бұдан бөлек, Солтүстік Кореяның ұшақтары ескірген. Онымен ресми сапарлау қосымша қиындық туғызуы мүмкін. Жақында ғана Иранның президенті КСРО-дан қалған тікұшақпен Әзербайжанға сапарлаймын деп опат болғанын ешкім ұмыта қоймаған шығар.

Путин
Фото: kremlin.ru

Путиннің 6 млрд теңгелік пойызы

Ресей президенті Владимир Путин де өзінің қауіпсіздігіне алаңдағандықтан 2021 жылдан бастап теміржолмен жиі сапар шеге бастаған.

Ресей президенті үшін оның негізгі резиденцияларына теміржол желілері тартылып, олардың жанынан құпия станциялар салынған. Украинаға басып кіруден жарты жыл бұрын ол Ким Чен Ын сияқты пойызбен жиі саяхаттай бастаған. Бұл пойыз Юрий Ковальчуктің компаниясына тиесілі. Ковальчук – Ресей банкінің негізгі акционері және Путиннің ең жақын досы.

1
Фото: Досье

«Проект» басылымының хабарлауынша, тікұшақ алаңы бар қатаң күзетілетін теміржол вокзалдарының бірі Долгие Бороды ауылының маңындағы Валдай ұлттық саябағының аумағында салынған. Жергілікті халық өкілдерінің айтуынша, теміржол желісі тек президентке арналып салынған, күзет қатаң, ешкімді жақындатпайды.

Бұған қоса, Мәскеу мен Санкт-Петербург арасында қатынаған бұрынғы пойыз машинисі Валдай маңындағы теміржолдың бұрын «өте нашар жағдайда» болғанын, бірақ президент резиденциясына дейін теміржол салынған кезде Путин делегациясы жүретін кейбір жолдар жөнделіп, олар жүрмейтін басқа жолдар баяғыша қалғанын айтқан.

Бұдан бөлек, Мәскеу облысының Ново-Огорево қаласындағы Путиннің резиденциясынан 400 метр қашықтықта тағы бір станция салынған.

1
Фото: rutrain.com

Путиннің пойызының сырт көрінісі Ресейдің жолаушылар тасымалдайтын пойызымен бірдей. Ким сияқты емес, Путиннің арнайы пойызы бар екені жасырын емес. 2019 жылдың қарашасында сол жерде премьер-министр Дмитрий Медведев кеңес өткізіп, бұл пойыз туралы «Комсомольская правда» газеті жазған.

Медведев
Фото: government.ru

Президенттің арнайы броньды пойыз қызметкерлерін теміржолшылар мен пойыз бақылаушылары бірнеше рет түсіріп алған. «Проектке» сұхбат берген бұрынғы пойыз машинисінің айтуынша, Путиннің броньды пойызы «Мәскеу-Каланчевская» станциясының депосында тұрады. Сондай-ақ VIP үшін жабық станция бар.

Шетелдік БАҚ өкілдерінің жазуынша, мұндай пойыздың бағасы 1 миллиард рубльден асады.