Ким Чен Ынның қымбат төрт яхтасы анықталды
Ким Чен Ынның құны миллиондаған доллар тұратын яхталары спутниктен түсірілді
BBC журналистері Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның резиденциясы маңынан төрт яхтаны анықтады. Олардың ең үлкенінің ұзындығы 80 метрге жетеді.
BBC спутниктік суреттерді зерттеу барысында Солтүстік Кореяның Вонсан қаласы маңында ұзындығы 50, 55, 60 және 80 метр болатын төрт яхтаны байқаған. Олар Ким Чен Ын мен оның отбасы демалатын вилланың жанында бірнеше рет көрінген.
Ең үлкен яхтаның палубасында ұзындығы 50 метрлік бассейн мен аквапарк орналасқан. Ол шілде айынан қазанның ортасына дейін түсірілген спутниктік суреттерден байқалған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қымбат яхталарды Солтүстік Кореяның билеуші тобына қатысы жоқ адамдардың пайдалануы екіталай.
Яхталардың нақты құны белгісіз. Алайда BBC мәліметінше, осындай кемелердің бағасы ондаған миллион доллардан басталып, 100 миллион доллардан асуы мүмкін. Бұған дейін Ким Чен Ын пайдаланған 29 метрлік яхтаның құны шамамен 7 миллион долларға бағаланған.
Ал Солтүстік Корея халқының басым бөлігі кедейшілікте өмір сүріп жатыр. БҰҰ-ның 2025 жылғы баяндамасына сәйкес, ел тұрғындарының шамамен 40 пайызы жеткілікті тамақтанбайды.
BBC-ге сұхбат берген Солтүстік Кореяның бұрынғы шенеунігі Ли Ён Хо ел басшылығының сән-салтанатты өмірі қарапайым халықтың тұрмысынан мүлде бөлек екенін айтқан.
Солтүстік Корея билігі аталған яхталардың кімге тиесілі екенін ресми түрде жариялаған жоқ. Дегенмен олардың қозғалысы Ким Чен Ынның көпшілік алдына шықпайтын кезеңдерімен сәйкес келген.