Қырғызстанда журналистер билікті «жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша қозғалған істерді қайта қарауға шақырды
Қырғызстандағы журналистік қауымдастық өкілдері ел басшылығына журналистерге, белсенділерге және азаматтық қоғам мүшелеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қарау тәжірибесін енгізу туралы үндеу жолдады.
Үндеуге ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесіндегі соңғы кадрлық өзгерістер мен реформалар себеп болған. Авторлардың пікірінше, бұл – соңғы жылдары қабылданған шешімдерді, соның ішінде Қылмыстық кодекстің 278-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша қозғалған істерді жаңаша әрі объективті бағалауға мүмкіндік.
Журналистер осы кезеңде елде сөз бостандығына қатысты даулар күшейгенін атап өтеді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 278-бап бойынша көптеген азамат жауапкершілікке тартылған. Кейбір БАҚ жұмысы шектеліп, жекелеген сайттарға қолжетімділік бұғатталған, бірқатар журналистерге қылмыстық іс қозғалған, ал кейбірі елден кетуге мәжбүр болған.
Үндеуде:
-
шығарылған үкімдердің заңдылығын тексеру және қажет болған жағдайда қайта қарау;
-
қозғалған істердің негізділігіне құқықтық баға беру;
-
жеткілікті дәлел жоқ жағдайда қудалауды тоқтату;
-
заңбұзушылық анықталса, ақтау (реабилитация) тетіктерін қолдану;
-
қылмыстық қудалау салдарынан елден кеткен азаматтардың оралуына жағдай жасау;
-
ықтимал процессуалдық заңбұзушылықтар болса, лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға беру;
-
азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда өтемақы мәселесін қарастыру ұсынылған.
Авторлар бұл мәлімдеме айып тағу емес, ашық әрі әділ диалогқа шақыру екенін атап өткен. Олардың пікірінше, аталған мәселелерді жария әрі ашық қарау қоғамдағы шиеленісті азайтып, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады.
Журналистер Қырғызстан заңдылық, әділдік және адам құқықтарын құрметтеу қағидалары негізінде дами алады деген сенім білдірді.
Үндеуге журналистер, медиа сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қол қойған.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұған дейін елде сөз бостандығы мен демократиялық қағидалар қамтамасыз етілгенін бірнеше рет мәлімдеген. 29 қаңтарда «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында ол азаматтар түрлі мәселелер бойынша өз пікірін еркін білдіріп, билікті ашық сынай алатынын айтқан.