Қырғызстаннан қашып кеткен олигарх Матраимов ұсталды
Қырғызстан Кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов пен оның ағалары қамауға алынды.
Бішкектің Бірінші Май аудандық сотының шешімімен Райымбек Матраимов 26 сәуірге дейін Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) тергеу изоляторына (СИЗО) қамалды, деп хабарлайды 24.kg.
Ош қалалық соты Тілек Матраимовты 26 сәуірге дейін, Руслан мен Ислам Матраимовты 18 мамырға дейін Ош мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамады. Біріншісіне Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 337-бабы («Қызмет бабын асыра пайдалану»), қалған екеуі Қылмыстық кодекстің 222-бабы («Қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату)) бойынша айыпталуда.
Қылмыстық кодекстің 169-бабы – заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша айыпталған Райымбек Матраимовқа да дәл осы 222-бап бойынша айып тағылып отыр. БАҚ бұрынғы кеден қызметкерінің елден шамамен 700 миллион доллар алып кеткенін хабарлады.
Райымбек Матраимов 2015-2017 жылдар аралығында Кеден қызметінде жұмыс істеген. 2020 жылы ол қылмыстық іс бойынша айыпталушы болды. 2021 жылдың 11 ақпанында «Сыбайлас жемқорлық» бабы бойынша сотталған. Шенеуніктің тергеумен мәміле жасап, мемлекетке 2 миллиард сом (24 миллион доллар) төлегенінің арқасында ол түрмеден құтылған.
Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның үстінен қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату фактісі бойынша іс қозғаған, оған журналистердің тергеу материалдары себеп болған. Олар, атап айтқанда, Матраимовтың Дубайда қымбат мүлкі болғанын айтты, бірақ арнайы қызмет бұл ақпаратты растай алмады.
Ағайынды Матраимовтардың төртеуі де 25 наурызда Әзірбайжанда ұсталып, келесі күні Қырғызстанға күзетпен жеткізілді.
Фото: fergana.agency