Қырғызстанның экс-президенті Ақаев Жапаровтың билікте тағы 10 жыл қалғанын қолдайды
Қырғызстанның бұрынғы президенттері Аскар Ақаев мен Сооронбай Жээнбеков Ыстықкөлдегі халықаралық форумға қатысып, қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаровпен бірге бір алаңда бас қосты.
Форум барысында сөз сөйлеген Ақаев әлемде жауапсыз саясаткерлердің әрекеті салдарынан ядролық қауіптің күшейіп келе жатқанын айтып, адамзат тағы да қауіпті кезеңге тап болғанын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл мәселені халықаралық деңгейде көтеруге Жапаровтың мүмкіндігі жеткілікті.
Сонымен қатар экс-президент қазіргі мемлекет басшысының елді күрделі кезеңде басқаруға келгенін атап өтті. Ақаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қырғызстан экономикасы өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарған.
Ол «қырғыз экономикасындағы ғажапты» толық жүзеге асыру үшін уақыт қажет екенін айтып, халық алдағы уақытта Жапаровқа қосымша мандат берсе, бұл даналықтың белгісі болар еді деген пікір білдірді.
Ақаевтың бағалауынша, мұндай ауқымды экономикалық өзгерістердің нәтижесін көру үшін кем дегенде 8-10 жыл қажет.