Қытай Киевтің Мәскеумен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Гуанчжоуда қытайлық әріптесі Ван Имен кездесуінде Киевтің Мәскеумен келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
«Украина ресейлік тараппен диалог пен келіссөздер жүргізуге дайын. Әрине, келіссөздер әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған ақылға қонымды және мазмұнды болуы керек», - деп келтіреді Қытай Сыртқы істер министрлігі Кулебаның сөзін.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Кулеба украин тарапы Қытай мен Бразилия 2024 жылдың мамыр айында ұсынған бейбітшілік жоспарын «мұқият зерттегенін» айтты.
Reuters ақпарат агенттігі Кулеба мен Ван И арасындағы келіссөздердің үш сағаттан астам уақытқа созылғанын жазды. «Жоспарланғаннан ұзағырақ. Бұл өте терең және нақты әңгіме болды», - деді агенттікке украиналық делегациядағы сұхбаттасушы.
Ал, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қытай Сыртқы істер министрлігінің хабарламасына түсініктеме берген брифингте Мәскеу Киевпен «келіссөздерден ешқашан бас тартпағанын» айтты.
«Хабардың өзі, біздің ұстанымымызбен үндес деуге болады. Ресей тарапының келіссөздерден ешқашан бас тартпағанын білесіздер. Біз әрқашан оларға ашық болдық. Біз әлі білмейтін мәліметтер бұл жерде маңызды, одан әрі нақтылауды күтеміз», - деп келтіреді Маяк басылымы Кремль өкілінің сөзін.
Айта кетейік, Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 23 шілдеде Қытайға жұмыс сапарымен барды. Бұл оның Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі басталғалы бері Қытайға алғашқы сапары. Сонымен қатар ол соғыс басталғалы Қытайға барған ең жоғары лауазымды украиндық шенеунік болды.