Қытай мен Орталық Еуразия арасындағы жаңа стратегиялық көпір: Шанхайда Khan Tengri Innovation Hub инновациялық хабы ашылды

Азияның «Кремний алқабы» аталып кеткен Zhangjiang ғылыми-технологиялық паркінде Орталық Еуразия елдерінің технологиялық әлеуетін әлемдегі екінші экономика – Қытай экожүйесімен интеграциялауға бағытталған алғашқы мамандандырылған платформа – «Хан Тәңірі» инновациялық хабы (Khan Tengri Innovation Hub) ресми түрде ашылды.
Бұл бастама қазақстандық Growth Vision Pro компаниясы тарапынан көтеріліп, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, сондай-ақ өңірдегі жетекші технопарктер – Astana Hub (Қазақстан) пен IT Park Uzbekistan-ның қолдауымен жүзеге асырылды.
Khan Tengri Innovation Hub – жаңа буындағы технологиялық дипломатия алаңы ретінде құрылып отыр. Ол Орталық Еуразияның стартаптары, инновациялық компанияларын және R&D орталықтарын Қытай нарығымен, сондай-ақ оның жаһандық мүмкіндіктерімен байланыстыруды көздейді. Бұл бастама өңірлер арасындағы орнықты технологиялық әріптестікке деген өсіп келе жатқан қажеттілікті көрсетеді.
«Khan-Tengri Innovation Hub өңірдегі стартаптар мен кәсіпкерлер үшін қытайлық инвесторлармен байланыстыратын көпірге айналып, инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларға жол ашады. Біз бұл хаб еліміздің технологиялық компаниялары өнімдерін Қытай нарығына ілгерілетуде маңызды рөл атқарады деп сенеміз», – деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.
Хабтың негізгі мақсаттары:
1. Цифрландыру, жоғары технологиялар және R&D салаларында трансшекаралық технологиялар трансферін дамыту;
2. Орталық Азияның ІТ-компаниялары мен стартаптарына Қытай нарығына шығуына қолдау көрсету;
3. Қытай технологиялық компанияларының Еуразия мен одан ары Еуропа және MENA нарығына «Орта дәліз» арқылы «жұмсақ енуін» қамтамасыз ету;
4. Бірлескен R&D-жобаларын, технологиялар трансферін және венчурлік капитал тартуды жүзеге асыру;
5. Қытайда Орталық Еуразия елдерінің танымалдылығын арттыру.

«Хан Тәңірі» инновациялық хабы – Қазақстан мен Орталық Азия компанияларының Қытайда өз бизнесін сенімді түрде бастауына және дамытуына арналған алаң. Бұл – әлемдегі ең күрделі әрі бәсекеге қабылетті нарыққа шығу үшін негізгі кедергілерді жоюға бағытталған бастама. Хабтың басты мақсаты – еуразиялық стартаптар мен ІТ-компаниялар үшін жаһандық мүмкіндіктерге жол ашу.
Khan Tengri Innovation Hub-та қатысушыларға Қытайдың алдыңғы қатарлы технологиялық парктерінің бірінде жұмыс істеу және өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи кеңселер, коворкингтер, сервис апартаменттері – бұлардың барлығы тұрмыстық және ұйымдастыру мәселелеріне қарамастан, өнімді толық дамытуға мүмкіндік береді.
Ең бастысы – барлық кезеңде қолдау көрсетіледі: заңдық және салықтық кеңес беруден бастап, қытайлық инвесторлармен, өндірістік серіктестермен және акселераторлармен байланыс орнатуға дейін. Мұндай тәсілді жаңа бизнес-ортада «жұмсақ қону» – soft-landing деп атайды.
Инфрақұрылымнан бөлек, хаб білім беру және акселерациялық бағдарламаларға қол жеткізуді ұсынады, бұл компанияларға Қытайда тез бейімделіп, масштабталуға мүмкіндік береді. Қытайлық XNode акселераторымен бірлесіп әртүрлі даму деңгейіндегі компанияларға арналған бағдарламалар әзірленді. Олардың қатарында нарықты зерттеп, шығу стратегиясын құруға бағытталған қысқа мерзімді China Market Entry Bootcamp, сондай-ақ компанияны іске қосып, Қытайдағы қатысуды кеңейтуге арналған China Launchpad та бар. Қатысушылар менторлық қолдау алып, воркшоптарға қатысады, іскерлік кездесулер өткізіп, Қытай технологиялық экожүйесін өз ішінде зерттеп бастайды.
Khan Tengri Innovation Hub – әлемдегі ең ірі тұтыну нарығына жол ашады, ол инвестиция тартуға, серіктестер табуға және технологиялық шешімдерді экспорттауға көмектеседі. Бұл – көптеген компаниялар үшін жаһандық ойыншыға айналуға берілген мүмкіндік.