Қызылордада қаражат жымқырған мектептің бас еспшісі сотталды
Қызылорда облысына қарасты Арал ауданындағы №260 мектептің бас есепшісі мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.
Белгілі болғандай, азамат 2023 жылдың қаңтар айы мен 2024 жылдың тамыз айы аралығында штаттық кестеге сәйкес жалақыдан бөлек өзінің есепшотына негізсіз артық қаржы аударып келген. Мемлекетке 20 млн теңгеден астам шығын келген, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары сотталушының бұл әрекеті әр ай сайын қайталанып отырғанын анықтаған. Сотталушы еңбек демалысы кезінде де өзінің есепшотына ақша аударып отырған.
Сот шешімімен білім беру мекемесінің бұрыңғы бас есепші ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен «кінәлі» деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол қаржылық материалды жауапты қызметте 10 жылға дейін еңбек ете алмайды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген 20 417 530 теңге қаражатты үкім заңды күшіне енген соң 2 ай мерзімде өз еркімен мемлекет пайдасына өндіру жүктелді.
Аталмыш жағдайға байланысты Қызылорда облыстық білім басқармасынан ақпарат сұратқан болатынбыз.
«Бас есепшінің заңсыз әрекетін басқарма жанынан құрылған арнайы тексеру комиссиясы анықтап, құзырлы органдарға хабар берді. Осы жағдайдан кейін мектеп директорына қатаң түрде ескерту берілді", - деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кету керек, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы аталған қызметті 7 жылдан бері атқарып келеді. Басқарманың хабарлауынша, мемлекеттік қызметшілерді ротациялау квазимемлекеттік сектор суюъектілеріне міндеттелмейді екен.