Қызылордада секс-құлдықта болған оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты
Қызылорда қаласының No2 сотында мектеп оқушысын сексуалдық құлдыққа тартуға қатысты қылмыстық іс бойынша жабық сот отырысы өтті.
Бұл жағдайда жас жігіт бопсалағаны үшін кінәлі деп танылып, 4,5 жылға қамалды.
Сотталушы Т. жәбірленушіні масқаралайтын мәліметтерді жариялаймын деп кәмелетке толмаған жодан 700 000 теңге ақша тауып беруін талап еткен, сонымен қатар оның сөмкесін алып, ішінде тұрған 35 000 теңге ақшаны қорқытып алған.
"Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің біркелкі жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру туралы хаттамасымен, беттестіру жүргізу хаттамаларымен, сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысымен бекітілді. Сот үкімімен сотталушы Т. ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды", - делінген хабарламада.
Бұл баб бойынша кінәлі 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Сотта жеңілдетілген мән-жай ретінде оның бұрын сотталмағаны және жастығы ескерілген. Осының негізінде, сот сотталушы Т.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы жоғары сынып оқушысы мәжбүрлі түрде жарты жылдан астам уақыт жезөкшелік қызмет көрсетіп келгені туралы ақпарат тарады. Болжам бойынша қаршадай қыздың тәнін саудалаған өзінің сыныптастары мен құрбылары. Бұл жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдіктілер әуел баста 16 жастағы қыздың интимді суреттерін түсіріп, бопсалаған. Кейін бойжеткен туралы ақпаратты интимді қызмет көрсететін түнгі көбелектердің сайтына орналастырған. Сол арқылы қорлық көрген қызға «клиент» тауып, кәсіптерін жүргізіп келген.
Кейіннен осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүрді. Облыстық полиция департаменті күдіктілер ұсталып, қамауға алынды деп хабарлаған. 21 қазанда іс бойынша 11 адам күдікті деп танылғаны белгілі болды, олардың бесеуі – кәмелет жасқа толмаған. Тоғыз күдікті қамауда отыр, екеуі үйқамаққа жіберілген.
Белгілі болғандай, жарты жылдың ішінде оқушы қыздың «қызметін» 1000-нан аса еркек пайдаланған екен, олардың арасында құзырлы орган қызметкері де бар деген ақпарат тарады. Жыныстық қатынас түріндегі қызметті пайдаланғандар ақшаларын күдіктілердің бірінің анасының есепшотына аударып отырған. Алдын ала есеп бойынша, 10 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.