Live

ҚМА Мәсімовтың бұрынғы күйеу баласына қатысты істің мән-жайын жариялады

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты тергеу барысы туралы мәлімет берді. Оған 2024 жылдың тамыз айынан бері іздеу жарияланған..

Азамат Қапенов

Тергеу деректеріне сәйкес, Қапенов қызметтік өкілеттігін пайдаланып, аффилиирленген компанияларға жүк вагондарын басқару қызметін көрсету кезінде заңсыз артықшылықтар берген. Соның салдарынан «ҚазТемірТранс» компаниясына 5,2 миллиард теңгеден астам шығын келген.

ҚМА мәліметінше, қазіргі уақытта Азамат Қапенов халықаралық іздеуде. Сот оны сырттай қамауға алу туралы санкция берген.

«Келтірілген шығынды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы “Достық” станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жолдады», – деп хабарлады агенттік.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен аталған мүлік мемлекет меншігіне қайтарылған. Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.

ҚМА атап өткендей, мүлікті тәркілеу Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын іске асыруға ықпал етпек.

Айта кетейік, Азамат Қапенов 1978 жылы 12 сәуірде туған, Ресей азаматы. Ашық дереккөздерде ол бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы ретінде аталады.

2024 жылдың тамыз айында оған қатысты ақпарат бергендерге сыйақы жарияланған болатын. Сол кезде ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздестірілгені хабарланған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз