Көкшетауда саябақты өртемек болған шетел азаматының өзін ауыр күйік шалды
Көкшетауда 12 маусымға қараған түні орталық алаңдағы Абылай хан ескерткіші маңында болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, сағат 01:05 шамасында мас күйдегі шетел азаматы қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға қауіп төндірген. Алдын ала деректер бойынша, ол Орталық мәдениет және демалыс саябағының мүлкін өртемек болған.
Алайда әрекет барысында ер адам абайсызда өзі отқа оранып, денесінің 80 пайызға жуығын күйік шалды. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Полицияның хабарлауынша, оқиғадан бір күн бұрын, яғни 11 маусымда аталған азамат қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар оның бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бойынша бірнеше рет құқық қорғау органдарының назарына іліккені анықталған.
Алдын ала болжамдардың біріне сәйкес, шетелдік азамат өзін бірнеше мәрте полиция бөлімшесіне жеткізгеніне наразы болып, саябақты өртемек болған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.