Қоғам

Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелге үкім шықты

Көкшетау қалалық соты жол-көлік оқиғасы салдарынан адамның өліміне әкеп соққан іс бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен көлік жүргізу құқығы болмаған әйел 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Көкшетау әйел өлімі

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың мамыр айында айыпталушы тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел кейін ауруханада көз жұмған.

Сотта айыпталушы көлік тізгініне күйеуінің денсаулығы күрт нашарлағандықтан және оның рұқсатымен отырғанын айтқан. Көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқаруға жол берген көлік иесіне қатысты іс бөлек өндіріске шығарылған. Сот әйелдің кінәсі өзінің мойындауымен, куәгерлердің жауаптарымен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен және бейнежазбамен дәлелденгенін мәлімдеді.

Жаза тағайындау кезінде сот оның шын жүректен өкінгенін, кәмелетке толмаған екі баласы барын, жәбірленуші тарапқа моральдық шығынды өтегенін және бұрын жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Сонымен қатар жәбірленуші тарап сотта материалдық және моральдық талаптарының жоқ екенін, келтірілген шығын толық өтелгенін айтып, айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған. Алайда сот жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу адам өліміне әкелгенін ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дегенмен сотталған әйелдің тәрбиесінде екі кішкентай баласы болғандықтан, жаза өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Көкшетаудағы ықшамаудандардың бірінде болған қайғылы жол апатының бейнежазбасы тараған еді. Кадрларда жол талғамайтын көліктің бұрылыста әйелді қағып кеткені көрінеді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз