«Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр» – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласындағы инфрақұрылымдық жобалардың баяу жүзеге асырылып жатқанын сынға алды.
Мемлекет басшысы қала келбетінде айтарлықтай өзгеріс байқалмайтынын айтып, өңірдің дамуы үшін бірқатар маңызды нысанды жедел салу қажет екенін атап өтті.
«Бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды», – деді президент.
Осыған байланысты ол облыс басшылығын өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге басымдық беруге шақырды.