Қонаевтағы спорт алаңының жұмысы он айға созылды
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Кроссфит» жаңа спорт алаңы ашылды. Ерекшелігі сол, кроссфит бұқаралық спорт үшін ең тиімді нұсқа.
Себебі бұл жаттығулар жүйесі атлетиканың барлық қырларын қамтиды деуге болады. Соның ішінде гимнастикалық элементтер, күш салатын жаттығулар мен кардио бір-біріне байланысқан. Осының әсерінен кроссфит ағзаның сау болуына үлкен септігін тигізеді. Яғни, қала халқына арналып салынған спорт алаңы көпфункционалды, жалпыға арналған.
«Қалада спортқа қызығушылар саны жыл санап артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортты дамыту үшін жылына жүздеген шаралар ұйымдастырылуда. Түрлі деңгейде чемпион атанып жүрген спортшыларымыз да көп. Аталған нысан ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз. Мұнда армрестлинг, үстел теннисі, стритбол, баскетбол, бокспен айналысуға болады. Жаттығуға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Балалар үшін музыкалық құралдар қойылған. Жасыл аймағы да бар. Жалпы аумағы 1,4 гектарды құрайды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылған. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі. Алаңның құрылысы 10 айға созылды», – дейді Қонаев қаласының әкімдігі.
Салтанатты түрде ашылған алаңға қала тұрғындары да қуанышты. Олар тегін, қолжетімді, қолайлы да заманауи спорт алаңының қолданысқа берілгеніне дән риза.
«Кешке балаларымызды алып шығып, қыдыруға, демалуға болатын керемет алаң екен. Үлкендер спортпен шұғылданып жатқанда балалар жүгіріп, ойнауына бар жағдай жасалған. Әдемі, көрікті ғимараттар мен алаңдар көптеп салынса деген арманымыз бар. Алматы облысы екіге бөлініп, Қонаев жаңа облыс орталығы болғалы өзгерістер көбейді. Қаламыз жыл өткен сайын жаңарып, көркейіп келеді. Оның ішінде тұрғындардың жайлылығы назарға алынатыны қуантады», – дейді Мақпал есімді тұрғын.
Алматы облысы мұндай спорт нысандары мен спорт шараларына көңіл бөліп жүр. Мәселен, өткен мамырда ғана мұнда тұңғыш рет ірі марафон ұйымдастырылды. Бұқаралық спортты дамытуға арналған шарада марафоншылар 3, 5, 10 шақырымды жүгіріп өтті. Оған 1500-ден астам қатысушы жиналды. Тек Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қалалардан ғана емес, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген әуесқой және кәсіпқой спортшылар да қатысқан. Ал сәуірде облыс орталығында ірі теннис орталығы ашылды. Мұнда жастар үстел теннисі, үлкен теннис және бильярд спорты бойынша жаттығу жасап, түрлі жарыстарға дайындала алады. Өткен жылы алаңы 10 мың шаршы метрді құрайтын ірі скейтпарк пайдалануға берілді. Онда әуесқойларға ғана емес, кәсіби спортшыларға арналған алаңшалар бар. Соның ішінде скейтборд, самокат пен велосипедте әртүрлі трюктар жасауға болады. Парк болашақта амфитеатр, мұзды алаң, тағы да бірнеше ерекше алаңмен толығады деп жоспарланған. Тек Қонаев қаласында ғана емес, облыс көлемінде де ірі жобаларды іске асыру көзделген. Әсіресе жасөспірімдерде барынша жағдай жасалмақ.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы