Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:48

Контрабанда дауы: Назарбаевтың қарындасы неге тергелмеді?

әнипа бизнес
Фото: Коллаж Orda.kz

Бұған дейін шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі Қытайдан тауарларды контрабандалық жолмен тасымалдау бойынша қылмыстық схеманы анықтағанын хабарлаған еді.

 Агенттік дерегінше, заңсыз өнім әкелумен айналысқан жеке компанияның бір құрылтайшысы және үш қызметкері сотталып, түрмеге қамалған. Алайда, сол компанияның екінші құрылтайшысы — экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаеваға мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай талап қойылмаған.

Алматыдағы Алмалы аудандық соты Қытайдан тауар тасымалдау барысында кеденнен жалтару және жалған шот-фактуралар жазу ісі бойынша үкім шығарған. Аталған қылмыстық істің ортасында – Әнипа Назарбаеваға қатысы бар деп есептелетін «Group of the Companies TDA» компаниясы бар.

Бұл компания уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, 100-ден астам контейнерді кедендік бақылаудан тыс өткізіп, халық тұтынатын тауарларды заңсыз әкелген. Құқық қорғау органдарының дерегінше, бұл әрекетке 10 серіктес компания тартылып, олар арқылы жалған шот-фактуралар рәсімделген.

Мемлекетке келген залалдың жалпы сомасы – 10 млрд теңге. Бұған қосымша төленбеген ҚҚС, корпоративтік табыс салығы және кеден төлемдері де кіреді.

Агенттік тергеу барысында келтірілген шығынның бір бөлігі өтелгенін хабарлады:

643 млн теңге мемлекетке қайтарылған;

сот айыпталушылардың 1,3 млрд теңге тұратын тауарларына, сондай-ақ 300 млн теңгеге бағаланған жер телімдері мен көліктерге тыйым салды;

47 компания өз еркімен 240 млн теңге көлемінде салық төледі.

Айыпталушылар 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мүліктері тәркіленді. Тағы бір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.

1
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

GROUP OF THE COMPANIES TDA қандай компания?

Аталған компания Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2014 жылы 15 қыркүйекте тіркелген. Кейіннен 2018 жылы 6 наурызда қайтадан тіркеуден өткен. 2021 жылы 28 шілдеде Әли Қылышбаев басшылыққа тағайындалыпты. Орналасқан жері ретінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, М.Әуезов, 66 деп көрсетілген. GROUP OF THE COMPANIES TDA 2021 жылы мемлекетке 14,5 млрд салық төлеген.

Құрылтайшылар саны – 2:

1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;

2. Әли Қылышпаев.

Мемлекеттік кірістер комитетінде салық төлеуші ретінде еш мәлімет берілмеген. Себебі былтыр қаржылық мониторинг агенттігі Әнипа Назарбаеваның компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады. Оның иелігіндегі GROUP OF THE COMPANIES TDA Қытайдан Қазақстанға рұқсатсыз тауар тасымалдады деген күдікке ілінген. 2022 жылы 3 мамырда кеденнен өтетін тауар декларациясына байланысты прокуратура заң бұзуды анықтаған тексеру қорытындысын жариялады. Соның ішінде осы компанияның жүгін тексеру барысында құжатта көрсетілмеген 287 миллион теңгенің тауары шыққан. Кейіннен заңсыз тауар айналымы 585 млн теңгеге жеткен. Сол кездегі компания басшысы Әли Қылышбаев тұтқындалған еді.

Азаттық Радиосының жазуынша, басты айыпталушы — Қылышпаев. Алматының Алмалы аудандық соты оны 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Өзге қызметкерлер — Антон Огай 4 жылға, Нұрбуви Курбанова 1 жыл 4 айға, Қадыр Тілеубергенов 3 жылға қамалған

Әнипа Назарбаеваның есімі айыптау қорытындысында да, күдіктілердің жауабында да аталады. Алайда Shishkin_like дерегінше, оны сотқа не күдікті, не куәгер ретінде шақырмаған. Сот үкімінде оның сұралғаны туралы мәлімет жоқ.

Айта кетейік, Әнипа Назарбаева қатысты дау бірінші рет болып тұрған жоқ. Алматыдағы «Кенжехан» базарында саудагерлер мен басшылық арасындағы дау бұдан екі жыл бұрын қатты ушықты. Саудагерлердің айтуынша, олар 2015 жылы әр контейнерді 10–12 мың долларға сатып алғанымен, келісімшарттар жыл сайын өзгеріп, орындар жалға берілетін жүйеге айналған. 2022 жылы иесі ауысқан соң, жаңа басшылық (Сергей Ким) әр контейнер үшін 5-7,3 млн теңге қосымша ақы талап еткен, төлемегендердің контейнері жабылып, базардан қуылған. Саудагерлер бұл әрекеттердің артында бұрынғы иесі Әнипа Назарбаева мен оның туыстары бар деп санайды. Базардағы қысым, келісімшартты жиі өзгерту, орындарды қайта сату және жалдау ақысын көтеру фактілері айтылып, саудагерлер парламентке, үкіметке арызданғанымен, нәтиже болмаған. Сол кезде Jas Alash базарға арнайы барып даудың мән-жайын жазған еді. Бұдан бөлек саудагерлер айтатын Сергей Кимнің кім екені туралы да көлемді зерттеу жарияладық.

Жалпы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар отбасының биліктегі ықпалы әлсірей бастады. Алдымен экс-президент атақтарынан бірінен кейін бірінен айрылды. Туыстары мен күйеу балалары ірі мемлекеттік қызметтерден кетті. Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды қамалып, мемлекетке 700 млрд теңгеден аса қайтарды, кейін шартты жазамен босады, ал, тағы бір інісі Самат Әбіш 8 жылға жартты жазаға кесілді.

Күйеубаласы Құлыбаев та мемелекетке бірнеше жер телімін, мүлкін қайтарды. Оның Жаңа Қазақстанмен 1 млрд доллар беріп келісімге келгелі жүоргені туралы да мәлімет таралды. Жалпы елімізде Назарбаевтарға қатысты адамдардың байлығын тексеру қиын. Кез келген кәсіпкерді, тіпті еліміздің өзге олигархтарын да тексеруге болады, мәлімет ашық. Тек Назарбаевтарға қатысты адамдардың мәліметтері жасырылған. Бұл туралы Jas Alash былтыр мамыр айында «Назарбаевтардың байлығы – жария, мәліметі – құпия» атты мақаласында Азамат Есқараев басқаратын министрлік бұрынғы президенттің әулетін қызғыштай қорып отырғанын жазған болатын.