Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:49, 24 Мамыр 2024

Назарбаевтардың байлығы – жария, мәліметі – құпия

1

6 мамырда Forbes Kazakhstan еліміздің ең бай адамдарының тізімін жаңалады. Биылғы тізімге әдеттегідей 50 емес, 75 олигарх енген.

Оның ішінде Назарбаевтар әулетінің мүшелері де бар. Бұл мақаламызда біз Назарбаевтар әулетінің қандай мал-мүлкі бар екенін және қандай компанияларға иелік ететінін зерттеп көрдік.

Динара Құлыбаева
Фото: Nur.kz

Табысы 700 млн доллар Динара Құлыбаеваның байлығы 5 млрд доллар

Динара Құлыбаева да күйеуі сияқты әлемдік Forbes миллиардерлер тізімінде 612-орында, ал Қазақстан миллиардерлері арасында былтырғы рейтингі өзгермей, 2-орынды иеленген.

1

Назарбаевтың ортаншы қызы күйеуі Тимур Құлыбаев екеуі «Almex Holding Group» АҚ арқылы Лондон қор биржасында (LSE) сатылатын «Халық банкінің» (Қазақстан Халық Банкі АҚ) 69,52% акциясына иелік етеді. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Халық банктің» активтері 15,09 трлн теңге, меншікті капиталы – 2,5 трлн теңге болған. Өткен жылы банк жай акциялар бойынша 276,5 млрд теңге дивиденд төлеген. 2024 жылғы алғашқы тоқсанындағы пайдасы 178 млрд теңге. Былтырғы ақша айналымы 6 133 351 148 947 теңге, төлеген салығы 116 530 671 830 теңге. Жалпы салығы – 607 354 376 287 теңге. Мемлекеттен 2016 жылдан бері 9432 келісімшарт алып орындаған, оның 3602-сін тікелей бір көзден алған.

Құлыбаевтар иелік ететін Қазақстан Халық банкі АҚ-ның 14 компанияға қатысы бар. Оның ішінде АҚ Altyn Bank-тің 40% үлесін иеленген.

 NNEF

Динара Құлыбаева NNEF (бұрынғы Нұрсұлтан Назарбаев Білім беру қоры) қоғамдық қоры арқылы Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (UIIT), Алматы энергетика және коммуникациялар университеті (Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭУ) және Астана IT сияқты жоғары оқу орындарының акцияларына иелік етеді.

Басқа олигархтар сияқты Назарбаевтың ортаншы қызына да тықыр таянған сияқты. Оның да кейбір мүлкіне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Мысалы, өткен жылдың күзінде Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінің соты басталды. Алматы прокуратурасы, университетке иелік ететін Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры ҚБТУ ғимаратын 2018 жылы «Қазмұнайгаз» компаниясынан заңсыз сатып алғанын мәлімдеді. Динара Құлыбаева басқаратын қор ешқандай заң бұзушылық болмағанын айтты.

Банктерден бөлек, Динара Құлыбаеваға Viled Fashion әйгілі әлемдік брендтер топтамасын сататын дүкендер желісі де тиесілі. Viled (Вилед Фешн) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – Копытин Андрей Владимирович. Құрылтай құрамында «Кипрос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Сулейменова Алена Александровна мен Сулейменова Айдан Тулеутаевна бар. Ал «Кипрос» компаниясының иесі – Тимур Құлыбаев. Сол сияқты Viled Group (Вилед Груп) ЖШС мен Premium Lux (Премиум Люкс) ЖШС компанияларының да директоры – Копытин Андрей Владимирович. Viled Group (Вилед Груп) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшылары да Сулейменова Алена Александровна мен Сулейменова Айдан Тулеутаевна. Ал «Премиум Люкстың» құрылтай құрамында Сулейменов Диас Тулеутаевич бар. «Вилед Фешнге» қайта оралайық, компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 478 591 731 789 теңге, төлеген салығы – 9 093 242 904 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 35 885 773 462 теңге аударған. Мемлекеттен 2 келісімшарт алып орындаған.

Дариға Назарбаева
Фото: Kazakhstan's Presidential Press Service/AP

Дариға Назарбаеваның байлығы 590 млн доллар

Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы еліміздегі байлар тізімінде 15-орынды иеленген. Дариға Назарбаева – «Европа плюс Қазақстан» радиостанциясы мен НТК телеарнасының иесі. DLS Group арқылы «Region-Media» жарнама агенттігінің акцияларына иелік етеді.

2009 жылы Алматыда тіркелген «Европа плюс Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – Игильманов Исмаил Амангельдинович. Құрылтай құрамы екеу деп көрсетілгенімен, қандай заңды тұлғаларға тіркелгені туралы нақты мәлімет жоқ. Радио хабар тарататын компанияның былтырғы қаржы айналымы 4 млрд теңгеден асады, төлеген салығы – 76 млн теңге.

НТК

2010 жылы 12 ақпанда тіркеуден өткен «Независимый Телевизионный Канал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – Игенбек Саида Шайкенқызы. Құрылтайшылар құрамы екеу деп көрсетілген. Оның бірі – «Европа плюс Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, ал екіншісі – белгісіз. Телеканалдың 2023 жылғы қаржы айналымы – 32 307 531 368 теңге, төлеген салығы – 613 843 96 теңге. Жалпы салығы – 6 538 731 704 теңге. 47 млн 272 мың теңгеге мемлекеттен екі келісімшарт алып орындаған.

Ал DLS Group пен «Region-Media» жарнама агенттігінің қаржы айналымдарын қоссаң, 3 млрд теңгеге жетпейді. Сондықтан 270 млрд теңгесі бар адамның «тиын-тебенге» бағаланған компаниялары жайлы жазып отыруды жөн көрмедік.

Ал енді бір сұрақ осындай аз табысы бар компаниялары арқылы Дариға Назарбаева қалай 590 млн долларға иелік етіп отыр? Шетелдегі мүліктерін қандай ақшаға сатып алды екен? Шетел демекші, былтыр күзде Times басылымы Дариға Назарбаева Лондонда құны 40 миллион фунт стерлингтен асатын үйлердің иесі екенін жазған еді. Оның Лондонның солтүстігіндегі Хайгейтте 9,3 миллион фунт стерлинг тұратын үйі және Челсиде 31 миллион фунт стерлинг тұратын екі пәтері бар. Мүлік Панамадағы Tropicana Assets Foundation және Villa Magna Foundation оффшорлық компанияларына тіркелген. 2022 жылы көктемде Дариға Назарбаеваның Лондондағы тағы бір зәулім үйі 11 млн долларға сатылымға шыққанын да БАҚ жазған. Жалпы Назарбаевтар әулетінің Лондонда өте көп жылжымайтын мүлігі бар. Біз санап отырған солардың бір парасы ғана.

Нұрәлі Әлиев
Фото: tengrinews

Нұрәлі Әлиевтің байлығы 220 млн доллар

Дариға Назарбаеваның 39 жастағы ұлы Нұрәлі Әлиев рейтингте 41-орында. Әлиевтің байлығын Forbes Kazakhstan сарапшылары 220 млн долларға бағалаған. Ол «Транстелеком» акционерлік қоғамының, Capital Holding және Darmen Holding-тің негізгі акционері және Unit Telecom жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы. Бұдан бөлек, Дубайда Donatello Hotels and Resorts, Алматыда Donatello boutique hotel қонақ үйлері мен мейрамханасы бар.

«Транстелеком»

«Транстелеком» акционерлік қоғамы. Астана қаласында заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 1999 жылы, 9 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Абдильдин Суйениш Тулеуханович. Құрылтайшылары –«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Unit Telecom жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал Unit Telecom-ның құрылтайшысы Нұрәлі Әлиев. Компания негізінен сымсыз телекоммуникациялар қызметімен айналысады.

1

«Транстелеком» компаниясының 2023 жылғы қаржы айналымы – 112 610 806 368 теңге, төлеген салығы – 5 614 785 508 теңге. Жалпы осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына – 33 824 537 569 теңге аударған. Мемлекеттен алған жалпы келісімшартының саны – 34 870.

1

Unit Telecom жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Алматы қаласында алғаш рет 2014 жылы, 6 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Казбеков Азамат Мунайпасович. Құрылтайшылары – Алиев Нурали Рахатович, Покупателев Дмитрий Александрович.

1

2023 жылғы қаржы айналымы – 945 202 368 теңге, төлеген салығы – 17 898 004 теңге. Компания негізінен интернет арқылы телерадио бағдарламаларды тарату бойынша қызметпен айналысады. Кәсіпорын 2019 жылы квазимемлекеттік келісімшарт бойынша 9 028 671 600 теңгеге тендер алған.

Capital holding жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Алматы қаласында 2006 жылы, 30 маусымда тіркелген. Директоры – Касымов Карим Досмухамбетович. Құрылтай мүшесі екеу деп көрсетілген. Олардың заңды, я жеке тұлға екені белгісіз. Телекоммуникация саласындағы қызметпен айналысатын компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 1 465 522 894 теңге, төлеген салығы – 24 168 019. Жалпы салығы – 346 706 038. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Darmen Holding (Дармен Холдинг) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Астана қаласында алғаш рет 2017 жылы, 6 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Касымов Карим Досмухамбетович. Құрылтайшылары – Capital Holding жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Greatex Capital Holding B.V. (резидент емес). Компания мүлікті жалға алу және жалға берумен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 1 059 104 081 теңге, төлеген салығы – 21 614 329 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.

Нұрбол Назарбаев
Суретте Нұрбол Назарбаев пен Болат Назарбаев

Нұрбол Назарбаевтың байлығы 170 млн доллар

Болат Назарбаевтың ұлының Prime Capital Invest және Prime Capital Holding инвестициялық компаниялары бар. Бұдан бөлек, PLS Investment and Construction Company және PLS-TM акцияларына иелік етеді. Ол Forbes Kazakhstan рейтингінде 49-орында тұр.

Prime Capital Invest

Prime Capital Invest жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Алматы қаласында 2020 жылы, 28 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Камибаев Алмаз Разбекович.

Құрылтайшысы – Назарбаев Нурбол Болатович. Қаржы саласында қызмет көрсететін компанияның 2023 жылғы қаржы айналымы – 189 025 947 теңге, төлеген салығы – 1 988 994 теңге. Келісімшарттары кездеспейді.

Prime Capital Holding жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания алғаш рет 2016 жылы, 3 тамызда тіркелген. Директоры – Зорбаев Санат Абугалиевич. Құрылтайшысы – Назарбаев Нурбол Болатович.

2023 жылғы қаржы айналымы – 6 582 072 теңге, төлеген салығы – 33 мың теңгеден асады. Бұл кәсіпорынның құлдыраған кезі. 2022 жылы Болат Назарбаевтың басшылығында оның ақша айналымы – 472 994 697 теңге болған. Келісімшарттары кездеспейді.

P.S. Жалпы, экс-президент әулетінің байлықтары мен мал-мүлкі мұнымен бітіп қалмайды. Мысалы, Нұрбол Назарбаевқа тиесілі компания тобын басқаратын Prime Capital Holding 9 кәсіпорынға қатысы бар. Сол сияқты Prime Capital Invest компаниясы Qaz-Ak-Kus жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы. Ал Нұрәлі Әлиевтің иелігіндегі Darmen Holding-ке 7 компанияның қатысы бар. Әрине, ол компаниялардың қаржысы бір мақалаға сыймайды.

Айтпақшы, біз Назарбаевтар әулетінің компанияларын тексеру кезінде әділет министрлігінен олар туралы ешқандай мәлімет ала алмадық. Кез келген кәсіпкерді, тіпті еліміздің өзге олигархтарын да тексеруге болады, мәлімет ашық. Тек Назарбаевтарға қатысты адамдардың мәліметтері жасырылған. Азамат Есқараев басқаратын министрлік бұрынғы президенттің әулетін қызғыштай қорып отырғаны несі?

Тұрсынбек БАШАР