Саясат

Путиннің Уиткофф және Кушнермен Кремльдегі келіссөзі аяқталды

Путиннің Уиткофф және Кушнермен Кремльдегі келіссөзі аяқталды

Уиткофф, Кушнер, Путин

Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесті. Кремльдегі келіссөз шамамен екі жарым сағатқа созылған.

Кездесудің басты тақырыбы – Украинадағы соғысты тоқтату және 10-11 қарашада Әбу-Дабиде өткен Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздердің нәтижелері.

Кездесу барысында Путин Украина аумағына шетелдік әскер орналастыруға қарсы екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай қадам Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Ал Стив Уиткофф Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасу жөніндегі уағдаластықты келіссөздердегі ілгерілеудің белгісі деп бағалады. Ол Мәскеудегі кездесудің нәтижесін Украина президенті Владимир Зеленскийге жеткізетінін айтты.

Тараптар Еуропа мемлекеттерінің бейбіт келіссөздерге қатысу мәселесін де талқылады.

Кремльдегі кездесуге Ресей президентінің көмекшілері Юрий Ушаков пен Владимир Мединский, сондай-ақ Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысты.

Кездесуден кейін Уиткофф пен Кушнер Мәскеуден ұшып кетті. 

Әзірге соғысты тоқтату немесе аумақтық мәселелер бойынша түпкілікті келісім жасалғаны хабарланған жоқ. Әбу-Дабидегі келіссөздерден кейін тараптар диалогты жалғастыруға және тұтқын алмасуға келіскен.

 

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз