Оқиғалар

Қостанайда заңсыз несие бергендер екі жылға сотталды

Қостанай облысында лицензиясыз микроқаржылық қызмет көрсетіп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған екі адам сотталды.

Сот

Тергеу мәліметінше, сотталғандар 2024–2025 жылдары «Союз-Костанай», «Экспресс Тенге», «Express Gold» және «Express.com» атты төрт компанияның қызметін ұйымдастырған. Бұл ұйымдар облыстың аудан орталықтары мен кенттерінде жұмыс істеген.Компаниялар азаматтарға банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына жүгінбей-ақ, зергерлік бұйымдарын кепілге қойып, ақша алуды ұсынған.

Алайда іс жүзінде бұл операциялар комиссиялық сауда түрінде рәсімделген. Азаматтар мүлкін кепілге қойып, ақша алған. Қаражатты пайдаланғаны үшін күн сайын 0,4 пайыз көлемінде сыйақы өндірілген.

Сонымен қатар клиенттермен қарыз туралы жазбаша келісім жасалмаған. Қызметті заңды комиссиялық сауда ретінде көрсету үшін түрлі құжаттар рәсімделіп, онда алынған төлемдер тауарды сатуды кейінге қалдырғаны немесе оны сақтағаны үшін алынатын комиссия ретінде көрсетілген.

Тергеу барысында екі жыл ішінде бұл қызмет түрін 1 600-ден астам азамат пайдаланғаны анықталды. Заңсыз қызметтен түскен кіріс көлемі 579 миллион теңгеден асқан.

Сот екі азаматты да кінәлі деп танып, әрқайсысын мүлкін тәркілей отырып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Тәркіленген мүлік қатарында бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі бар.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз