ҚР Үкіметі су тасқыны салдарын жоюға 1,1 млрд теңге бөлді
ҚР Үкіметі БҚО-дағы электр желілерін қалпына келтіруге 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
ҚР Үкіметінің қаулысымен Батыс Қазақстан облысындағы алапат су тасқынынан кейін әуедегі электр желілерін қалпына келтіру үшін төтенше резервінен 1,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, делінген хабарламада.
Қаражат табиғи сипаттағы ТЖ салдарын жою шеңберінде өңірлік бюджетке аударылады. БҚО әкімдігі ҚР Энергетика министрлігіне 1 желтоқсанға дейін қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны жөнінде есеп беруге тиіс.
Қалпына келтіру жұмыстары келесі учаскелерде жүргізіледі:
1. Бәйтерек ауданындағы Шалғай – Таловая;
2. Кеңтүбек (Григорьевка) – Бөрлі ауданындағы Александровка;
3. Шыңғырлау – Шыңғырлау ауданындағы Ащысай (Мырзагора).
Елімізде болған алапат су тасқыны салдарынан инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым және жолдар бүлінген болатын. Атап айтқанда, 2,3 мыңнан астам электрмен жабдықтау тірегі қирап, 54 шақырым желі үзілген. Қазіргі таңда оның 40%-дан астамы қалпына келтірілді, жұмыс жаз айларында қарқынды жалғасып жатыр, дейді Үкімет.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында электр желілерін қалпына келтіруге төтенше резервінен 1,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы Үкімет қаулысы қабылданған болатын. Қалпына келтіру жұмыстары Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарын қамтиды.