Құқық қорғаушылар Құрылтайда журналистердің жұмысына шектеу қойылуына алаңдаушылық білдірді
Қазақстандағы бірқатар құқық қорғау және журналистік ұйым Құрылтай депутаттарына ашық үндеу жасап, парламент ғимаратында БАҚ өкілдерінің жұмыс тәртібіне енгізілуі мүмкін шектеулерге алаңдаушылық білдірді
Ашық үндеуге «Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы және Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы қол қойған.
Ұйымдардың мәліметінше, Құрылтайда журналистер мен депутаттардың қарым-қатынасын арнайы белгіленген баспасөз орталығында ұйымдастыру, ал БАҚ өкілдерінің ғимарат ішінде тек арнайы адамның сүйемелдеуімен жүруі қарастырылып отыр. Алайда мұндай шектеулер журналистерді аккредиттеу жөніндегі жарияланған ережелерде немесе БАҚ жұмысына қатысты өзге де ресми құжаттарда көрсетілмеген.
«Мұндай жағдай қолданылатын талаптардың құқықтық айқындығы мен болжамдылығы тұрғысынан сұрақ туғызады. Журналист депутатқа алдын ала жазылуға, оны арнайы бөлінген жерде күтуге және аппаратқа ыңғайлы сұрақтарды ғана қоюға міндетті емес», – делінген үндеуде.
Ұйымдар мұндай шектеулердің парламент сайлауынан кейін және жаңа Құрылтай жұмысының алғашқы күндерінде енгізілуін де сынға алды.
Олардың пікірінше, дәл қазір қоғам жаңа депутаттардың қалай жұмыс істейтінін, қандай ұстанымда екенін, сынға қалай қарайтынын және азаматтар мен БАҚ сұрақтарына жауап беруге қаншалықты дайын екенін білуге тиіс.
Құқық қорғаушылар қауіпсіздік талаптарын журналистердің кәсіби қызметін шектейтін құралға айналдырмауға шақырды.
«Құрылтай аппараты мен басшылығын БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне қатысты қолданыстағы ережелердің ашықтығын қамтамасыз етуге және іс жүзінде қолданылатын тәртіпті ресми қабылданған құжаттар мен журналистер қызметінің заңнамалық кепілдіктеріне сәйкестендіруге шақырамыз», – делінген үндеуде.
Сонымен қатар ұйымдар Құрылтайдағы саяси партиялар мен фракцияларды депутаттардың БАҚ-пен ақпараттық байланысын күшейтуге үндеді. Олардың айтуынша, парламенттің ашықтығы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бір-біріне қайшы келмеуі керек.
Үндеу авторлары Қазақстан Конституциясы сөз бостандығына кепілдік беріп, цензураға тыйым салатынын еске салды. Сондай-ақ «Масс-медиа туралы» заң журналистерге мемлекеттік органдарға баруға, лауазымды тұлғалардың қабылдауында болуға, аккредиттеген орган өткізетін іс-шараларға қатысуға және заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, аудио, фото және видео түсіруге құқық береді.