Құрылтай депутаттарын сайлау басталды
Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Бұл – ел тарихындағы Құрылтайға өтіп жатқан алғашқы сайлау.
23 тамыз күні Астана уақытымен сағат 07:00-де ел бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмысын бастады. Ал 107 арнайы сайлау учаскесі бір сағат ерте – таңғы 06:00-де ашылды.
Жаңа бір палаталы Парламенттегі 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партия таласып жатыр. Олар – «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы, Қазақстан халық партиясы (ҚХП), «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және Respublica партиясы.
Құрылтайға өту үшін партиялар сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинауы тиіс. Сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген таңдау да қарастырылған.
Сайлауда 12,5 миллионнан астам қазақстандықтың дауыс беру құқығы бар.
Азаматтарға өз сайлау учаскесін анықтауға мүмкіндік беретін арнайы онлайн сервистер де іске қосылған. Ол үшін тұрғылықты өңірі мен ЖСН-ін енгізу жеткілікті.
Қазақстаннан тыс жерлерде 64 мемлекетте 82 сайлау учаскесі ашылған. Шетелдегі учаскелердің алғашқысы Сеулде (№422) және Токиода (№425) жұмысын бастады.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылады.
Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес өткізіліп отыр. Жаңа Конституция биыл 15 наурызда өткен республикалық референдумда мақұлданған. Соның нәтижесінде бұрынғы қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжілістің өкілеттігі тоқтатылып, оның орнына елдің жаңа жоғары өкілді және заң шығарушы органы – бір палаталы Құрылтай құрылды.