Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 08 Сәуір 2024

Күйші Омархан

Күйші Омархан
Фото:

Жетісу өңіріне батырлығымен де, күйшілігімен де әйгілі болған Қожеке Назарұлының, аймаққа аты мәшһүр дәулескер күйші Сыбанқұл Қалбасұлының күйшілік дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші Омархан Керімқұлұлы ақсақал Сөгеті ауылының ең шетінде, желдің өтінде, торғайдың ұясындай екі-ақ бөлмелі кішкентай үйде тұрады екен.

Бұл үйдің өзін жалға алған. Біз барғанда іші-сырты жұпыны осы бір шағын үйдің керегесін өмірге жаңа келген сәби үні жаңғырықтырып тұрды. Сөйтсек, алпысты алқымдаған Омархан күйші жақында ғана сәбилі болыпты. Дәл біз барған сәтте бүлдіршінді бір жас келіншек пен бір егде әже шомылдырып, қырқынан шығарып жатыр екен. Қуаныштың үстінен түскенімізге мәз болсақ та, бір өзі өзгенің екі жүзден астам күйін тартатын Омархан ақсақалдың тұрмыстық жағдайы көзімізге оғаш көрінді. Екі бөлмелі кішкене тоқал үй мынадай дарынды тұлғаға тарлық етеді-ақ екен. Күйшінің атын естіп, атағына қанық болып, арнайы атбасын тіреген қонақтарды күймен қарсы алып, күймен шығарып салатын Омархан күйші өзіне осы тұрмыс жетіп-артылатын сыңай танытады. Бірақ баяғы даңқы мен дақпырты, байлығы мен барлығы аспандап тұрған кезбен салыстырғанда мына тұрмысы өлместің күніндей көңіл қынжылтатыны шындық еді. Өмір есігін жаңа ашқан нәресте нарық заманына тап келгенін қайдан білсін. «Кең дүние, мен келдім, құшағыңды аш!» деп іңгәләйды. Жас тоқал «қонақ келді» деп қазан көтеріп жатыр. Ал күйші ақсақал болса, домбырасын қолына алып, сәби үніне ұластыра күй күмбірлетеді.

Іргеге арқасын сүйеп, сол жақ бүйіріне көпшік қойып алып, жұмсақ қоңыраулы үнімен майдалап, әңгіме бастайды. Жанарында қуаныш нұры жылтылдап, күлімдеп кеткенде екі езуі керіліп, қасқа тістері де ақсиып, айналасына олар да шуақ шашқандай, төңірегін жарқыратып жібергендей болады. Ашық қабақ көрген біздер ынтыға құлақ түреміз. Қожекенің, Сыбанқұлдың күйлерін әкесінен, Шіде, Жұмәділ, Тұрсынғазы секілді ауыл күйшілерінен бала кезінен үйреніпті. Ауылына домбырашылығымен ерте танылған оның есімі көп ұзамай аймаққа да жетеді. Сан рет күй тартысына қатысады. Талай рет жеңіске жетеді. 1954 жылы Құлжа қаласында қазақ, қырғыздың домбырашылары мен комузшылары қатысқан аймақтық күй жарысында Асанәлі деген қырғыз бас жүлде алады да, Омархан екінші орынды иеленеді. Бұл – қазақтардың арасындағы бірінші күйші деген атаққа тең еді.

Ол тартатын күйлердің ішінде қазақтың Жетісу, Тарбағатай, Іле өңірлеріне тараған танымал күйлер мол екен. Солардың бәрін нәшіне келтіре, қалыбын бұзбай тартуды бұл өзіне азаматтық парыз санайды. Өйткені ол күйлер – атадан келе жатқан аманат еді. Сол аманатты артымдағы ұрпаққа тапсырсам деп армандайды екен. Бірақ кесірлік жайлаған кеңес өкіметі мен ұлттық парасат-пайымға пысқыра қараған коммунистік партия «Қытайдан келген» деген сенімсіздікпен мұның өнерін қасақана елемей, қой артына жібереді. Өнерін бағаламаған өкіметке өкпелеп, қой соңында жүргенде қолына домбыра алмай қояды. Екі жыл өткен соң, яғни 1964 жылы халық таланттарының Алматыдағы өнер жарысына шақырылады. Тұрмыстық жағдайға қарамай, арнайы келіп қатысады. Мұның домбыра тартуына, күйшілік қабілетіне разы болған өнер қайраткерлері Алматыда өнер саласында қызмет етуге жолдама береді. Амал қанша, әлі көтеріле қоймаған тұрмыстық жағдай қолбайлау, оның үстіне кеңес өкіметінен әбден көңілі қалған үлкен шешесі мүлдем қарсы болып, Алматыға қайтып бара алмайды. Тағдырына налып, тағы да ел алдына шығып домбыра тартудан бас тартады. Сөйтіп, 25 жыл бойы әйгілі күйші, он саусағынан күй сорғалаған домбырашы Омархан қой соңында домбыра орнына таяқ көтеріп күн кешеді. Тек еліміз Тәуелсіздік алып, өзіміздің құндылықтарымызды іздей бастаған жылдары Омархан күйшінің де шабыты оянып, қолына қара домбырасын қайта алады. Енді ұлттық рух қайта тұтанған кезінде қойшылықты қойып, күйшілік көне дәстүрді жаңғыртуға бет бұрады. Елім аман болса, ұрпақ рухы азбаса, жасында бастаған өнерінің жалғасатынына кәміл сенеді.

Бізге дейін бұл күйшіні Марал Ысқақбаев, Жарқын Шәкәрімовтер іздеп келген екен. Газеттерге жазыпты, телехабар түсіріпті. Біздің мақсатымыз – құдай қаласа, Омархан күйшінің репертуарында бар күйлерді жазып алып, нотаға түсіріп, тасқа басып, тарихта қалдыру, ғылыми айналымға қосу.

Осы ниетімізге қуанған қария шешіле сөйлеп, көсіле күй тартып отыр.

– Ата-аналарым кеңестік жаппай тәркілеу кезінде Қытай асуға мәжбүр болған. Тағдырдың жазуы – сол жақта дүниеге келіп, білім алып, атағым жайылып, елге сыйлы азамат болдым. Қай жерде жарыс, той-думан сол жерге мені арнайы шақырады. Жалықпай күй тартқызады. Мен де арқам қозып, шабыттана тартамын. Ондайда тарта бергім келеді, тарта бергім келеді. Біреу әдейі тоқтатпаса, өз еркіммен тоқтай алмай, әбден шаршағанда барып кідіретінмін.

Солай дәурендетіп жүргенде, 1962 жылы ата қонысымыз – Қазақстанға көшетін болдық. Қалай десеңіз де туған жердің аты – туған жер. Айтпақшы, аты қытайдікі болғанмен, арғы заты біздің қазақтың баба қоныстары ғой ол жерлер. Дегенмен менде бір қимастық сезім пайда болып, кіндігімнің жас қаны тамған жермен қоштасу жүрегіме салмақ салғандай сыздатты. Сөйтіп, Текес ауданындағы өзім туған Құштай деген жермен қоштасып тұрып тартқан күйім мынау, – деп, Омархан күйші домбырасының құлағын түзетіп алып, «Әттең, туған жер» деп атаған күйін бастап кетті.

Қоңыр сарын жәймен басталып, бірте-бірте күйзеле, күңірене сағаға түскенде, шамырқанып, ширығып барып қайта бүлкілге басады. Үстіңгі ішек пен астыңғы ішекті алма-кезек іліп артып, шертіп-шертіп қалғанда, сенің де жүрегіңнің қылын шертіп кеткендей алабөтен күйге енесің. Құйқылжыған дыбыс төмендей беріп, қайта жаймашуақ сарынға түседі. Кейде өкініш, кейде өксік, кейде үміт араласқан дыбыстар үйлесімі сенің де санаңа қимастық сезім ұялатып жатқандай болады.

Омекең күйді аяқтап болып үнсіз қалды. Көз алдына көп нәрсе елестеп кетті ме, кенет қабағын кере көтеріп, қасқа тістерін ақсита қарап:

– Ер азамат жерін ғана сүймейді, елін де сүйеді. Жермен қоштасқан күй шығарған соң, сонда қалып бара жатқан дос-жаран, туған-туыс, жекжат- жұрат, сыйлас жандардың қимас көңілін көріп алабұртқан сезімге бөлендім. Сөйтіп енді «Елмен қоштасу» деген күй шығарып, соларға арнап тарттым. Басында ширақ отыр едім, тыңдап отырғандардың жанарынан тамшы көріп, өзім де босадым білем, бүлкілдетіп тартып жатқанда домбырамның үнімен бірге ішім де бүлкілдеп кетті. Сол күй мынау, – деп, күйші тағы да бір лирикалық иірімдерге толы күйін тартты.

Бұл күйдің де өне бойында көңіл күйдің қылын босатып, ақырын-ақырын сыздатып, сыздықтатып, шымырлатып барып шиыршық атып шығандап кетіп қайта босаңситын дыбыстардың иірімдік үйлесімі аса әсерлі екен.. Тыңдап отырып, сенің де көз алдыңа өзіңді қоршаған адамдар елестеп кетеді. Соларға деген сенің де қимас сезімің ояна бастайды.

Күй аяқталды. «Тағы да» дей бергенімізде, күйші тағы бір күй бастап кетті. Бұл да алдыңғы екі күймен сарындас шықты.

– Бұл – «Қалдың, ел!» деген күйім, – деді күйші.

Домбырасының құлақ күйін қайта келтіріп алған күйші түзеліп, кеудесін тіктеді. Бұған дейін бүйіріндегі көпшікке сүйеніңкіреп, жантайыңқырап отырған болатын. Біз оң қолының қағысына, сол қол саусақтарының қимылына қараймыз. Сөйлегендегі, тыныш отырғандағы, күй тартып жатқандағы бет-әлпетінің өзгерісіне де назар аударамыз. Күйшінің домбыраны қалай ұстайтынына да мән береміз. Отырысына да көңіл бөлеміз. Және «неге өйтті екен» деген сұрақ та қоя отырамыз да, соған жауап іздей бастаймыз.

– Енді сендерге «Өз арманым» деген күйімді тартайын. Бұл да бір ойлап кетсем, әлі күнге жүрегімді сыздататын арман. Ол кезде айта алмайсың, іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ, іштей булығып, күйініп, «сендерге керек болмаса, маған енді керегі жоқ мұның», – деп, керегеге домбырамды іліп қойған кезім. Бір күні «ауылдың бастығы шақырады» деді. Бардым.

– Алматыға жүресің. Жарысқа барасың. Өнерпаздар сайысына түсесің, бар, дайындал, – деді. «Сайыс» деген соң ғана намысым оянып, үйге келдім де қолыма домбырамды қайта алдым. Таңға ұйықтамай, білетін күйлерімнің бәрін қайталап шықтым. Апам «саған не болды» деген жоқ. «Жарыс болса, барсаң бар, жүлде беріп қалар», – деді. Апамның ойы «қалай-қалай емес, нәпақа түсіп қала ма» деген енді. Менде ондай ой жоқ. Негізгі ойым, мына жергілікті бастықтарға өзімнің кім екенімді таныту ғана болды. Солар ғой, «қытайсың» деп, қой бақтырып жіберген. Соған намыстанып, жарысқа кеттім. Алматыға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіпті. Жаркенттен Дәнеш Рақышев деген әнші келіпті. Оның атын жақсы білем. Екі-үш күн жарыс өтті. Бірімізді-біріміз танымаймыз. Дәнешпен ғана бірер сөйлестім де қойдым. Соңында жүлде таратты. Барлық облыстан келген өнерпаздардың ішінде кім бірінші, кім екінші орын алғанын танымаған соң мән бермедім. Әйтеуір, Дәнеш пен маған Алматыда өнер саласында қызмет етуге жолдама берілді. Мен қуандым. Үйге келдім. Алматыға кетейін десем, жағдай мәз емес. Үлкен апам адуынды кісі еді.

– Бармайсың Алматыға. Айттым, бітті. Мына ауылда сені мөшөктеп сыртқа тепкендер ол жақта жоқ дейсің бе? – деп қарсы болды. Мен Алматыға бармай қалдым. Барсам, «қазақ күй өнерін биікке көтеретін едім-ау» деп армандап кетем. Сол армандап кеткен кезде туған күйім ғой мынау, – деп, Омекең бір күрсініп алып, домбырасын шертіп жіберді. Манадан бері үнсіз тұрған домбыра да ауыр күрсініп жібергендей болды.

– Шындығында сол кезде Алматыда қалғаныңызда да талай биікке көтерілер едіңіз, – дедім.

Қасымдағы бұл күнде марқұм Тоқтар досым:

– Әй, қайдам, кеңес өкіметі арғы беттен келгендерге көлгірсігенімен, көтермелемейтін, партия қатарына да алмайтын, қызмет бермейтін, анау-мынау атақ та әпермейтін. Содан, өзінен он мәрте төмен жағымпаздар марапат, атақ алып жатқанын көріп, намысқой Омекең ызадан күйіп те кетер еді, – деді.

Омекең Тоқтарға ойлы көзімен тесіле тік қарап қалды да:

– Сөз шындығынан бұзылмайды. Рас айтасың, інім, – деп, басқа бір күйге көшпек ниетпен домбырасын өзге бұрауға салмақ болып, ұзақ күйледі. Бір өзгеше күй тартқысы келіп отырған сыңайды байқаған Тоқтар:

– Кімнің күйін тартайын деп отырсыз? – деді.

– Сыбанқұлдың.

– Ол кім еді?

– Бұл өзі ерекше жаратылған күйші. Өзінің күйлері де басқаларға ұқсамайды. Руы – Шажа. Сексен жас шамасында қайтыс болыпты. Оның күйлерін мен немере інісі Жантайұлы Жұмәділден және ағайын інісі Төлендінің баласы Шідеден үйренгенмін. Бұл екеуі де бармағынан бал тамған күйші әрі домбырашы болды. Мен білетін Жұмәділ ақсақал Сыбанқұл атасының елуден аса күйін тартатын. Мен жиырмадан астамын ұстап қалдым. Түгел үйренуге аумалы-төкпелі уақыт кедергі болды. Сыбанқұлдың күйлерін үш бұрауда тартасың. Кей күйлері оң бұрауда, кей күйлері теріс бұрауда, кей күйлері тел бұрауда тартылады. Күйлерінің дені аңызбен айтылады. Теріс бұрауда тартылатын аңыз күйінің бірі – «Аққу». Баяғы өткен заманда, жер мен ел аманда, Қазығұрт тауының етегінде түбі көрінген тұп-тұнық айдын көл болыпты. Жылдардың бір жылында сол көлге қос аққу келіп, келген жағына кері кете алмай, амалсыз тұрақтап қалыпты. Жыл сайын балапандайды. Балапандарының қанаты қатая бастағанда ерінбей аспанмен таласқан Қазығұрттың сонау басына шығарып, өздерінің байырғы атамекеніне қарай ұшырып жібереді екен. Сондағы аққудың көгілдірлерінің атамекеніне қайтқаны мынау, – деп, Омархан домбырасын сұңқылдата жөнелді. Тыңдап отырып, қиялыңа қанат бітіресің. Сенің де атамекенінен алыста жүрген аққулармен бірге Қазығұрттың басына шығып, қанат қаққың келеді. Аздан соң күй ырғағына елтіп отырып, тағдырдың теперішінен ата-бабасының байырғы мекенінен амалсыз алысқа ауған қазақтарды ойлайсың. Олар да атамекенін аңсап, өзіміз жете алмасақ та, ұрпағымыз жетсін деген арманын домбыра күй тілімен айтып жатқанын түсінесің.

Күйші манадан бері бірде аққу болып сұңқылдаған, енді бірде балапан болып қалықтаған домбыра үнін доғарып:

– Сөйтіп балапандарын атамекендеріне аттандырған қос аққу Қазығұртта тағы да аялдап қалады. Көп уақыт өтпей-ақ олар атамекенін, соған ұшып кеткен балапандарын сағынады. Сол сағынышы мазалап, ақыры олар да атамекеніне қарай ұшып шығады. Сонда ұшып келе жатқанда жол торып жүрген бидайық кездесіп, қуа жөнелгені және аққудың жан ұшыра қашқаны мынау, – деп, күйші бірде домбырасын сабалап, сағадағы дыбыстарды сұңқұлдатып, енді бірде алақанын сылпылдатып, тағы бірде әр пернемен саусақтарын жорғалатып, қашқан мен қуғанның жанталасын суреттейді. Қуған мен қашқанның арпалысындағы өмір мен өлім тайталасы ұзаққа дейін созылады.

Күйші сәл кідіріс жасап, домбыра құлағын тағы бір жөнге келтіріп алып:

– Қанша қуғанмен, бидайық аққуларға жете алмайды. Бидайықтан құтылғанымен жол азабынан құтыла алмай талай қиындықтарды жеңіп, ақыры өз балапандарын табады. Сондағы аққудың балапандарын аймалағаны мынау, – деп, Омархан күйші бұған дейінгі сарыннан мүлдем жұмсақ, биязы, сыпайы сарынды сүйінші сұрағандай желдірте жөнелді. Мұнда қуаныш та, сағынышын баса алмаған жүрек лүпілі де бар.

Омархан ағамыздың өнеріне тәнті болған біз оның бойынан мынадай қасиеттерді байқадық: болмысында сабырлық, сыпайылық, биязылық, салмақтылық тоғысқан өнерпаз біріншіден, өз жанынан күй шығаратын күйші екен; екіншіден, өзгеден үйренген күйлерін бұлжытпай кейінгіге жеткізуді мұрат тұтқан домбырашы екен; үшіншіден, естіген күйін есінен шығармай сақтап алатын зейіні зерек тыңдаушы екен; төртіншіден, басқа күйлерге баға бере алатын сыншы екен; бесіншіден, әр күйдің шығу тарихын, аңызын және күйшінің, я домбырашының дерегін майын тамыза жеткізе алатын айтушы екен.

Біз ол кісіден Сыбанқұлдың «Аққу», «Жалғыз көзді әулие», «Жиренше шешен», «Жосыған құлан», «Көк серке», «Қара жорға», «Қос келіншек», «Нүсіпхан», «Өрелі шабдар», «Тазша бала», «Тәжінің боз айғыры», «Сандық ашты сары өзен» секілді күйлерін және Қожекенің «Бұлбұл», «Нұрғазарын бұлбұл», «Естірту күйі», «Кертолғау», «Күй шақыртқы», «Қамбархан», «Ойбай, жаным», Қосдәулеттің «Арман», Кәтіптің «Өттің, Кәтіп» және өзінің «Әттең, туған жер», «Елмен қоштасу», «Қалдың, ел», «Өз арманым» секілді күйлерін, сондай-ақ өзге ұлт сарын-нақыштарына құрылған Қалмақ күйі «Домбыржай», «Қалмақтың би күйі», «Қалмақ күйі», «Татар күйі» секілді күйлерді аңызымен таспаға жазып, батасын алып, аттандық.

Сағатбек Медеубекұлы