Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:46, 27 Тамыз 2024

Легионер-спортшылардың жетістігі абыройыңды асқақтатпайды - Тоқаев

е
Фото: Ақорда

ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде Қазақстан президенті легионер спортшылар туралы айтты.

Президенттің пікірнше, шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек.

– Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді Тоқаев.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екенін айтты.

– Бұл – өте маңызды міндет. Себебі бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс, – деді Президент.