Маңғыстауда бір зауыттың бірнеше қызметкерлері қысқартуға ұшырады
Маңғыстау облысындағы шыныпластик құбырлар зауытында қызметкерлердің жартысына жуығы қысқартылатыны туралы хабарлама алды.
Жұмыссыз қалу қаупі жұмысшыларды облыс әкімдігіне жүгінуге мәжбүр етті. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Аталған зауыт бұған дейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құрамында болған. Кейін жеке меншікке берілген. Содан бері кәсіпорында қиындықтар басталып, кейінгі 3-4 жыл бойы жұмыс көлемі тұрақсыз болып, жалақы азайғанын жұмысшылар айтады. Тапсырыстың жоқтығынан қызметкерлер жеті ай бойы 50 пайыздық жалақымен еңбек демалысында отырған. Ал жақында шамамен 80 адамға қысқарту туралы ескерту берілген.
«Мұнда негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді, көпшілігінің еңбек өтілі – 20 жылдан асады. Барлығымыздың отбасымыз, үш және одан да көп баламыз бар, несиелеріміз бар, инфляция шарықтап тұр. Қазір бізге қысқарту қаупі төніп тұр. Отбасымызды қалай асыраймыз, төлемдерді қалай төлейміз? Біз зауыттың қайтадан ММГ құрамына оралып, тұрақты жұмыс болғанын қалаймыз», – дейді жұмысшылар.
«Шыныпластик құбырлар зауыты» ЖШС директоры Данияр Шманов қысқартуға тапсырыстар көлемінің азаюына байланысты мәжбүр болғандарын айтты. Оның сөзінше, кәсіпорын банкроттық шегінде тұр және барлық қызметкерге жалақы төлеуге қауқарсыз.
«Қазақстанда бәсекелестік жоғары. Жақында Алматыда осындай жаңа зауыт ашылды. Оларда технология жаңарған, өнімнің өзіндік құны төмен. Бізде екі цехты толық жүктейтіндей тапсырыс жоқ. Сондықтан қысқартуға баруға мәжбүрміз», – деді ол.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуде ортақ шешім табылмаған. Жұмысшыларға басқа жұмыс іздеу ұсынылған.
Еске салсақ, зауыт 2015 жылы жабдықтарының сәтті сынақтан өткенін хабарлаған еді. 13 жылдан астам жұмыс істеген кәсіпорын мұнай-газ саласына арналған шыныпластик құбырлар мен фитингтердің негізгі жеткізушісі ретінде танылған. Басшылық үшінші цех салуды жоспарлап, ол 2017 жылы іске қосылған. Алайда 2020 жылдардан бастап өндіріс көлемі төмендеп, бір кездері гүлденген кәсіпорын кадрларды қысқартып жатыр.