Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапенов портты тәркілеу әрекетіне қарсы мәлімдеме жасады
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапенов халықаралық іздеуде жүріп, жаңа видеоүндеу жариялады.
Ол үндеуінде Қазақстанның депутаттары мен бизнес қауымдастығына жүгініп, Қылмыстық кодекстің мүлікті сот арқылы тәркілеуге қатысты 667-бабы заңсыз қолданылып жатқанын мәлімдеді.
Қапеновтің айтуынша, мүлікті тәркілеу үшін күдіктінің халықаралық іздеуде болуы немесе қайтыс болуы, мүліктің қылмыспен байланысы және оның тікелей күдіктіге тиесілі болуы секілді бірнеше шарт қатар орындалуы қажет.
Оның сөзінше, тергеу органдары қылмыс құрамын дәлелдеуден гөрі, туыстары мен серіктестеріне тиесілі активтерді тәркілеуге көбірек назар аударып отыр
«Адвокаттарым мені үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды ұсынды. Мен Қазақстанға келіп, тергеумен жұмыс істеуге дайын екенімді айттым. Бірақ тергеу «Бізге Қапеновтің өзі керек емес, бізге мүлік керек» деп жауап берді», – деді ол.
Азамат Қапенов «ҚазТемірТранс» АҚ-нан 5,2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Оның мәлімдеуінше, Қаржылық мониторинг агенттігі ата-анасына тиесілі Eurotrans Group компаниясы «Достық» станциясында порт іске қосқаннан кейін бұл активке қызығушылық таныта бастаған. Аумағы 51 гектар болатын порттың алғашқы кезеңі 2023 жылдың ақпанында пайдалануға берілген. Қапеновтің айтуынша, қазіргі уақытта нысан ай сайын шамамен 1 млн доллар көлемінде табыс әкеліп отыр.